"Қарап тұра алмадым": Жамбыл облысында ауыл тұрғыны отқа оранған көліктен бес адамды алып шыққан
Жарияланған күні:
Өткен аптада Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында болған жол апаты кезінде отқа оранған көліктен бес адамды алып шыққан Мәди Әлиевтің ерлігі көпке үлгі. Сол күні Көкжелек ауылының тұрғыны жұбайымен бірге Алматыдан үйіне қайтып келе жатқан. Ауылдастарының қиын жағдайға түскенін көрген азамат бірден көмекке ұмтылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Отқа оранып, жарылудың аз-ақ алдында тұрған көліктен бес адамды алып шыққан Мәди Әлиев портал тілшісіне оқиға туралы айтып берді.
"Алматыдан ауылға келе жатқанбыз келіншегім екеуіміз. Сол кезде алдымда болған жағдай. Өзіміз танитын ауылдың азаматтары еді. Құтқару керек болды. Қолдан келгеннің бәрін істедім. Айқайлап, шырылдап жатқанда қарап тұра алмадым. Тірідей өртеніп кете ме екен дедім, тек құтқаруды ғана ойладым. Көлікте бес адам болды. Өкінішке қарай әйел адам көлік соқтығысқан сәтте жүріп кеткен екен. Жүргізуші, қайтыс болған келіншектің күйеуі және екі бала аман қалды. Балалардың біреуі 10-15 күндік, екіншісі 1,5 жасар", - дейді Мәди Әлиев.
Айтуынша, бәрінен де көліктен балалардың әкесін шығару қиынға түскен, себебі ол көліктің алдында отырған. Ал келіншегі балаларымен көліктің артқы бөлігінде болған.
Айта кетейік, Мәди Әлиев соңғы бес жылдан бері Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Көкжелек ауылындағы "Бурыл-Байтал" ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі орманшылық басшысы қызметін атқарады. Отбасылы, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.
Осы жағдайдан кейін Мойынқұм ауданы әкімі Көкжелек ауылында болып, Мәди Әлиевке жол апаты кезінде көлік ішіндегі адамдарды құтқарып, өз өмірін өзгенің өмірін құтқару жолында құрбан етуге әзір болғаны үшін "Алғыс хат" пен ескерткіш сыйлығын табыс етті.
Ал бүгін Мәди Әлиев Жамбыл облысы әкімінің қабылдауында болады деп жоспарланып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162275-qarap-tura-almadym-zhambyl-oblysynda-auyl-turgyny-otqa-orangan-kolikten-bes-adamdy-alyp-shyqqan/