"Көмір жеткізе алмай отырмыз": Астана іргесіндегі ауыл тұрғындары жолдың ұзақ жөнделіп жатқанына ашулы (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русскомАстана мен Қосшы қаласына жақын орналасқан Тайтөбе ауылының тұрғындары миллиардтаған теңге бөлінген жол жөндеу жұмыстарына көңіл толмайтынын айтты. Тұрғындарының сөзінше, жөндеу жұмыстары бітпегені қысқа қамдануға кедергі келтіріп отыр. Бұл жөнінде КТК телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, Тайтөбе ауылының тұрғындары жергілікті жолдардың құрылыс қарқынына наразы.
Ауыл тұрғындары жұмыс бір ай бұрын тоқтап қалғанын айтады. Қазылған көшелердің кесірінен тұрғындар қысқы отынды қамдай алмай отырғанын жеткізді.
"3 миллиард теңге қомақты сома бөлінді, қыс қамы үшін көмір жеткізе алмай жатырмыз. Жолдарды қазып, бәрін тастап кеткен", - дейді ауыл тұрғыны Руслан Айтжанов.
Ауылды абаттандыруға көршілес Қосшы қаласының әкімдігі тапсырыс берген. Әкімдіктегілер құрылыс компаниясының алдындағы қаржыландыру міндеттемесін орындадық, дейді.
"Бүгінгі таңда бас мердігер жұмыстағы ішкі қиындықтарға байланысты жұмысын тоқтатты. Осы күнге дейін күттік... Жұмысты тоқтату туралы мәселе сол күйінде тұр", - деді Қосшы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Сырым Рақышев.
Компания өкілдері бар кінәні заңнан көріп отыр, дәлірек айтсақ, ауыр жүк көліктерінің жалпы пайдаланымдағы жолдармен жүруіне шектеу қойылғанын алға тартады.
"Барлық жолда тақтайша тұр, заң бойынша білікке түсетін күш 8 тоннадан аспауы керек. Бұрын біз үлкен жүк көліктерімен 35-40 тонна әкелетін едік. Тыйым салынғаннан бері жеткізу бағасы үш есеге өсіп кетті", - деп түсіндірді мердігер ұйымның бас инженері Евгений Попов.
Кәсіпорын ауылдағы жолдардың басым бөлігі салынып біткенін еске салып, енді жүкті жеткізуде жеңілдік жасау туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Құрылыс келесі жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162688-komir-zhetkize-almai-otyrmyz-astana-irgesindegi-auyl-turgyndary-zhol-zhondeu-zhumystarynyng-ali-bitpegenine-ashuly-video/