Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті": депутат Нартай Аралбайұлы әскердегі мәселені көтерді

Жарияланған күні:

Әскердегі сарбаз
Әскердегі сарбаз: freepik.com

Мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев әскердегі әлімжеттік туралы мәселе көтерді. Депутат соңғы үш жылда 270 әскери қызметкер қайтыс болғанын айтып, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Даңқы батыр Бауыржан Момышұлы: "Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр" дейді. Сол жөргектегі тәрбиесі жер көкке сыйғызбай әскер қатарына барып, Отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасадық.

Жауырды жаба тоқығанмен, жараның жазылмайтыны белгілі. Оның айғағы – бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай", - деді Нартай Аралбайұлы.

Депутат келтірген дерек бойынша, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.

"Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан. 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан.

2024 жылғы маусымда Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал таяуда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар болса қашанғыдай жауапкершіліктен жалтарып "Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды" дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет", - деді депутат.

Сонымен қатар ол 7 қыркүйекте Ақтаудағы горнизонда тағы бір жағдай болғанын жеткізді. Айтуынша, офицер атқан оқтан Марат Барқұлов есімді тағы бір сарбаз көз жұмған.

"Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма?

Жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес.Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейтіні, әлеуметтік жағдайларының төмен екені әмбеге аян. Бұл жағдайды түзету де кезек күттірмейтін мәселе", - деді ол.

Сөз соңында депутат партия атынан министрге еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және оның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау, әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерді күшейту жөнінде ұсыныс білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162805-balalarga-qiianat-zhasadyq-deputat-askerdegi-alimzhettik-ushygyp-bara-zhatqanyn-aitty/