Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік педогогтер ауыл мектептерінде интернет жылдамдығына қатысты мәселе жоқ екенін айтты

Жарияланған күні:

информатика кабинеті
Информатика кабинеті. Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде ауыл мектептері директорларының басын қосқан "Цифрлық технологияларды пайдаланып, шағын жинақты мектептердің әлеуетін дамыту" тақырыбында семинар өтті. Жиынға Астанадан премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова арнайы барып қатысты. Кездесуде баяндама жасаған мектеп директорлары ауылдағы білім ошақтарында интернет жылдамдығына қатысты еш мәселе жоқ екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбеде өткен семинарда ауыл мектептерінің материалдық техникалық базасын нығайту, әртүрлі жастағы оқушылардың жинақталған аралас сыныптарда оқыту арқылы заманауи білім контентіне қол жеткізу туралы баяндамалар жасалды.

Премьер-министрдің орынбасары баяндама жасаған мектеп директорларынан интернет жылдамдығы туралы бірнеше рет нақтылап сұрады. Мінбеге шыққан директорлар кемшіліктерді атамады, тек "бәрі жақсы деумен" шектелді. Мұғалжар ауданындағы Жарық мектебінің директоры да кең жолақты Starlink технологиясының арқасында "интернетке қатысты мәселе жоқ" деп жауап берді.

Ал семинарға келген алыстағы ауыл мектебінің директоры жел тұрса ауылда интернеттен қиындық болатынын жасырмады. Мәселен Шалқар ауданындағы 48 оқушысы бар Сарқамыс негізгі мектебінің директорының айтуынша, жаңа жоба шағын жинақты мектептен шыққан оқушылардың жалпы білім беретін балалармен тең болуға мүмкіндік береді. Бірақ айтуынша, алыстағы ауылдарда интернет мәселесі әлі бар.

"Біздің ауданда жоба бойынша тірек мектеп ретінде №3 жалпы білім беретін мектебі алынды. Соған магниттік мектеп ретінде Жаңақоныс орта мектебі, Шанов мектебі және Сарқамыс орта мектебі Ммгниттік мектептер болып қалыптастық. Жоба аясында мектептің материалдық базасы жаңартылды. Сонымен қатар мұғалімдерді қайта даярлаудан өткізді. 5 пән бойынша қайта даярлаудан өтті. Жобадағы тірек мектебі мен магниттік мектебі аясында өзара тәжірибе алмасты. Бізде интернеттің жылдамдығы бұрын 20 мбит/с болса қазір 40 мбит/с дейін көтерілді. Алдағы уақытта тағы 10 мбит/с дейін көтеретінін айтты. Бірақ ауа райының қолайсыздықтарына байланысты жел күндері интернетпен қолайсыздық туындайды. Өтірік емес, шын нәрсе. Ондайда шұғыл маман шақырамыз", - деді Шалқар ауданы Сарқамыс негізгі орта мектебінің директоры Жарасқан Көбенов.

Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы шағын жинақты мектептердің жағдайы әлемдегі үлкен проблемалардың бірі екенін атады. Себебі оларда бала саны өте аз және шалғай орналасқан. 50 ғана оқушы бар мектеп пен 4 мың оқушысы бар мектептерге қаржы бөлу мәселесі әртүрлі екеніне тоқталды.

"Бұл жобаның басты мақсаты - теңдік және әділдік. Жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті биліктің қолдауы қажет. Жобаны құқықтық-нормативтік актісін ретке келтіру керек. Ол үшін министрлік бұйрығы және облыс әкімінің өкімі бар. Сол құжат әр қадамымызға негіз болып отырды. Ол облыс, аудан, ауыл деңгейінде бұйрық шығарып, мұғалімді оқытуға, материалдық-техникалық базаға, жөндеу жасауға негіз болды. Тозығы жеткен мектептерге әдемі жабдықты қою үшін жөндедік. Оған облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге қаржы бөлінді. 134 шағын жинақты мектеп пен 12 аудан орталығында орналасқан 12 тірек мектеп. Одан соң облыста үздік мұғалімдер анықталды. Интернет мәселесіне келер болса, жергілікті бюджет есебінен 150 млн теңге бөлініп, жылдамдығы төмен немесе техникалық мүмкіндігі жоқ мектептерге интернет мәселесі шешілді. 8 мектепте мүлде мүмкіндік жоқ болатын. Starlink қондырылып, қазір 200 мегапиксель жылдамдыққа көтерілді", - деді Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, өңірде интернетке қосылуға мүлде мүмкіндігі жоқ мектептер мәселесі бір ізге қойылған. Өңір басшысы да шалғай ауылдардағы көзімен керген жайтты айтты.

"Ең бастысы ауылдағы әлеуметтік жағдай маңызды. Бізде 2-3 жылдың ішінде 40-тан астам мектеп салынады. Қалада жағдай жасап, ауылдық мектептерді ұмытпауымыз керек. Starlink технологиясы өте керемет. Мектептің айналасында көп мәселе шешіліп жатыр. Атырауға шекаралас ауылдарға бардым. Ұялы байланыс туралы айтуға да ұят. Интернет желісі де жоқ. Мектепке Starlink қондырған соң кәсіпкерлер, шаруашылықтар пайдаланып жатыр. Білімді ұстаздарымыз шалғай ауылдарға онлайн сабақ берсе, ол жақсы. Бюджеттің 60 пайыздан астамы осы салаға жұмсалып жатыр. Әрі қарай жалғастырамыз”, - деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164030-aqtobelik-pedogogtar-auyl-mektepterinde-internet-zhyldamdygyna-qatysty-masele-zhoq-ekenin-aitty/