Тобыл өзенінде 230 млн теңгеге жөндеуден өткен бөгеттен тасыған су өтіп кетті
Жарияланған күні:
Қостанай облысындағы Тобыл өзенінің ағысы тағы күшейіп, сай-саласы арнасынан шығып, жан-жағына ағып жатыр. Бұл жолы қардың ерігін суы емес, Қаратомар қоймасынан аққан су өзен деңгейін көтерген. Осының өзі қыруар ақшаға күрделі жөндеу жасалып жатқан бөгетті сынап алуға жеткілікті болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тобыл қаласының тұрғындары 230 млн теңге жұмсалған бөгет тасқын суды ұстай алмайтынына көз жеткіздік деп дабыл қақты. Олар күрделі жөндеу жасалып жатқан бөгет Тобыл өзенінің суын тұрғын үйлерге қарай өткізіп жіберді дейді.
"Су арнасынан жайылып, су бөгеттің шлюздеріне қарай аққан. Бөгеттің өзен жақ бетінде де, Тобыл қаласы жағында да су тұр", - дейді Тобыл қаласының тұрғыны портал тілшісіне жіберген бейнежазбасында.
Тобыл қаласының тұрғындары биыл жойқын тасқыннан бөгетті құм салған қапшықтармен бірнеше тәулік бойы, күні-түнімен бекітіп аман қалған еді. Билік өкілдері сол бөгеттің күрделі жөнеу жұмысына 260 млн теңге бөлді. Ал мердігер компания 230 млн теңгеге жасап беруге келіскен. Бірақ тасқын су жетпей-ақ тұрғындар бөгеттен күдерін үзіп жатыр.
"Біздің қауіптеніп отырғанымыз тасқын судың жойқын күшін көзбен көріп, бастан өткергендіктен. Егер өзен жақтан су көтерілсе мына шлюздер бөгет бола алмайды. Тасқынның алғашқы екпіні бәрін шайып өтеді", - дейді Тобыл қаласының тұрғыны Фарида Юлдашева.
Қостанай облысында Тобыл өзенінің арнасынан көтерілуіне көктемгі тасқынның алдын-алу жұмыстары себеп болды. 90 пайызға толы Қаратомар қоймасын босату мақсатында су ағызу секундына 40 текше метрден 50 текше метрге ұлғайтылған. Судың ағысы күшейіп, өзен-көлдер тағы да арнасынан жайыла бастады. Алдағы уақытта секундына 70 текше метрге көтеру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде ағысы ұлғайған Тобыл өзені күрделі жөндеу жасалып жатқан бөгетті бір сынап алды. Алайда мердігер бөгетке суды өзіміз әдейі жібердік деп отыр.
"Кешеден бері шлюздерді сынақтан өткізіп жатырмыз. Бөгеттің жұмысы әлі аяқталған жоқ. Үйілген топырақты реттеп, шлюздерді тексеріп көреміз. Ертең қалғандарын ретімен сынақтан өткіземіз", - дейді мердігер компанияның басшысы Ринат Зинатов.
Ал жергілікті билік өкілдері тұрғындырды сабыр сақтауға шақырды. Бөгеттің күрделі жөндеу жұмысы аяқталған жоқ, сондықтан кем-кетік тұстары әлі жөнделеді, содан соң барып қабылдап аламыз дейді.
Бір айта кетерлігі бұл бөгеттің әр шақырымы үшін 48,8 млн теңге жұмсалған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Тобыл тұрғындары 230 млн теңгеге жөндеуден өткен бөгеттің сапасы сын көтермейтінін айтқан.
Автор: Айнұр Нұрмағанбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164285-tobyl-ozeninde-230-mln-tenggege-zhondeuden-otken-bogetten-tasygan-su-otip-ketti/