Атырауда көпқабатты үйдің тұрғындары бір айдан бері ыстық сусыз отыр
Жарияланған күні:
Атырау қаласындағы "Жас Отау" бағдарламасымен берілген көпқабатты үйлердің бірінде бір ай бұрын ыстық суды өшіріп тастаған. Бұл жағдай үнемі қайталанатынын айтқан тұрғындар жергілікті әкімдікке наразылығын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Үйдің тұрғыны Света Ахметқызының айтуынша, ыстық суды оқу жылы басталар кезде өшірген. Содан бері жөндеу жұмыстары әлі бітпей жатқан көрінеді.
"Бастапқыда ыстық су 15 күн болмайды деп хабарлама жіберді. Одан кейін тағы созды. Міне, бір айға жақындады, әлі сусыз отырмыз. Кейде тіпті жарық пен суық суды да өшіріп тастайды. Қаланың ортасында тұрып ауылда отырғандаймыз. Бала-шаға мектепке барады. Күн суықта салқын суға жуынады, аяйсың", - дейді үйдің тұрғыны.
Тұрғындар бірнеше күннен бері мәселесін әкімдіктің желідегі парақшаларына, чатына жазып жатқанын, алайда олардан мардымды жауап алмағанын айтады. Сондай-ақ мұндай жағдай жылдың төрт мезгілінде де жиі қайталанатын көрінеді.
"Атырау Жарық" мекемесі ПИК-ке шағынданыңдар дейді, мұндағылар әкімдікке сілтейді. Ешкім ештеңе шешпейді. Қараусыз қалған үй сияқты. Тіпті қыстың ортасында жылуды өшіріп тастайтындарына да үйрендік", - дейді үйдің тұрғыны.
"Жас отау" бағдарламасымен берілген үйге жауапты "Шапих" пәтер иелерінің кооперативі өкілдерінің айтуынша, қазіргі кезде мамандар ыстық судың және жылу құбырларын ауыстырып жатыр.
Қала әкімдігінің мамандары бұл мәселе назарда екенін, ыстық су жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін берілетінін жеткізді.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164632-atyrauda-kopqabatty-uiding-turgyndary-bir-aidan-beri-susyz-otyr/