Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстау полиция департаменті 2 млн теңгеге жуық қаржыға алтын жалатылған сағаттар сатып алмақ

Жарияланған күні:

Тапсырыс берілген сағат
Тапсырыс берілген сағат. Фото: Маңғыстау облысының ПД / Lada.kz

Маңғыстау облысының полиция департаменті 80 әйелдер және 100 ерлер сағатын сатып алуды жоспарлап отыр. Сағаттар жұқа алтынмен қапталған. Бұған бюджеттен шамамен екі миллион теңге жұмсалады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстау облысының полиция департаменті мемлекеттік сатып алу порталында сувенирлік сағаттарды сатып алу туралы хабарландыру жариялады. Ведомство бірден 180 сағатқа тапсырыс берген. Жеткізушілер әлі анықталмады – әзірге өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр. Ол бүгін 17:45-те аяқталады.

Құжаттарда сағаттар алтынмен жұқалап қапталуы керек екені, ал аксессуардың бауы міндетті түрде бұзау терісінен жасалу керегі жазылған.

"Механизмі – жапон/швейцариялық сапада. Механизм түрі – кварцтық. Корпусы толығымен PVD gold (алтын) қабатымен қапталған (титан нитриді + алтын 10 микрон). Артқы қақпағы тот баспайтын болаттан жасалған. Баланс түйіні соққыға төзімді болуы керек. Шынысы – минералды, сызаттарға төзімді. Су өтпейтіндігі – кемінде 5 АТМ. Сенімділігі – шаң/ылғалға төзімді. (…) Циферблаты – ақ эмаль, араб сандары, дөңгелек, диаметрі кемінде 30 мм, өндірушінің жазбалары мен эмблемаларынан бос болуы керек. Бауы: бұзау терісінен, антиаллергендік қабатпен қапталған, қара/қоңыр түсті, бау қара/қоңыр жіптермен тігілген", - делінген сувенир сипаттамасында.

Мемлекеттік сатып алулар сайтынан скриншот
Мемлекеттік сатып алулар сайтынан скриншот: Lada.kz

Әр сағатқа 11 000 теңге жұмсалмақ. Әйелдер сағатының 80 данасына 880 000 теңге, ал ерлер сағатының 100 данасына 1 100 000 теңге бөлінген.

Тапсырыс берушінің тағы бір талабы – әсерлі қаптаманың болуы.

"Қаптамасы: қара/қызыл түсті, рептилия терісіне ұқсас былғарыдан немесе лакталған қорапша. Әр сағат сыйлық қаптамасына, паспорты мен сертификатымен қоса салынады. Лазерлік гравировка, артқы бетінде "ҚР ІІМ" логотипі және "МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ" жазуы болуы керек", - делінген талаптарда.

Маңғыстау облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі мұндай сағаттарды ведомство мерекелерде ерекше көзге түскен қызметкерлер мен ардагерлерге сыйлайтынын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165256-manggystau-politsiia-departamenti-2-mln-tenggege-zhuyq-qarzhyga-altyn-zhalatylgan-sagattar-satyp-almaq/