Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қызым мені көргісі келмейді": Астанада қарттар үйінде тұратын зейнеткер үйінен неге кеткенін айтты

Жарияланған күні:

зейнеткер
Зейнеткер. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда қарттар үйіне өзі сұранып баратын қариялардың саны артып барады. Астанадағы қарттар үйі қызметкерлерінің айтуынша, көбіне зейнеткерлер өздер келіп өтініш жазады екен. KAZ.NUR.KZ тілшісі аталмыш мекемені бір жылдан бері мекен еткен 74 жастағы ақ жаулықты ананы сөзге тартты.

Қарттар үйінде портал тілшісімен тілдесуге келісім берген жалғыз адам – Әмина әжей болды. Жасы 74-те. Осы жерге келгеніне бір жылға жуық уақыт болған, өзі сұранып келіпті.  Жақынырық таныса келе зейнеткер өмір жолы туралы, осы жерге қалай тап болғаны жөнінде сыр шертті.

"Бұл жерге қалай тап болғанымды сұрағыңыз келіп отырса, айтайын. Мен перзентсіз емеспін, бір қызым бар. Қызымның жасы 45-те, балалары жоқ, балалы болғысы келмейді. Бұл әрине олардың жеке өмірі, өздері шешеді. Десе де өмірден алған тәжірбиемді бөлісіп, балалы болыңдар, жастарың өтіп бара жатыр деп кеңес бердім. Қызыма менің айтқан сөзім ұнамады, осыдан арамызда келіспеушілік туды. Қарым-қатынасымыз суи бастады. Ал жасы ұлғайған адам көңілшек болады екен. Мен суық қарым-қатынасқа шыдай алмадым. Осыдан кейін бөлек шығайық дедім. Менің пәтерімді жалға беріп, екі бөлек пәтер жалдадық.

Жалғыз тұру оңай емес, сөйлесетін жан таппай қиналасың, оған қоса тамақ пісіру, үйді жинауға ыдыс жуу да жасы келген адамға қиын, көзім де көрмейді. Бәрінен қатты бататыны – жан жарасы. Осыдан бір жылдай уақыт бұрын осы қарттар үйіне келу туралы шешім қабылдадым. Бұл менің өз шешімім болды. Қызым қарсы екенін айтты. Өз қолыммен өтініш жазып, осы жерге келдім. Арада бір жылға жуық уақыт өтті. Қызым әлі төбе көрсеткен жоқ. Телефонмен сөйлесіп тұрамыз. Бірақ бұл жерге мені көруге келгісі келмейді. Менің қарттар үйінде тұрамын деген шешімім оның жүрегін жаралады. Жұрт не дейді, бәрі мені анасын қарттар үйіне өткізді деп кінәлайды дейді, осылайша ол маған өкпелі", - дейді ол.

Әрі қарай әжей өмір жолын қысқаша айтып берді. Өз сөзінше, Оралда туған. Жас күнінде жақсы қызметте болған, тіпті түрлі кәсіпті дөңгелетіп, бел жазбай еңбек еткен. Ата-енесінің қолында тұрған.

"Өзім Орал қаласының тумасымын. Ата-анам да сол жақта туған. Балалық, жастық шағым Оралда өтті.  Қаржылық кеңес беруші, краншы болып жұмыс істедім. Осылай уақыт өтіп жатқанда, Украинаның Киев қаласына барып, Құрылыс колледжіне оқуға түстім, тұрмыс құрдым, бөпелі болдым. Декреттік демалыстан кейін супермаркетке жұмысқа тұрдым. Алғашында сатушы болдым, кейін сол супермаркеттің директоры болдым. Біз қарапайым ғана бақытты отбасылардың бірі болдық. Күйеуім екеуміз бел жазбай еңбек еттік, Киевте жер үй сатып алдық. Ата-енем бізбен бірге тұрды. Оларды бағып-қағып соңғы демі үзілгенше қасында болдық.

Осыдан он жыл бұрын күйеуім көз жұмды, сондықтан қызым екеуміз Қазақстанға қоныс аудардық. Алғашында бәрі жақсы болды. Қазақстанда ресторанымды аштым, кәсібімді дөңгелетіп отырдым. Төрт жылдан кейін ресторан бизнесінен кетіп, үй тазалайтын компания аштым. Өйткені ол кезде бұл сала Қазақстанда әлі дами қоймаған еді. Бәсекелестер жоқ еді. Жап-жақсы табысты кәсіпкер болдым, күйеу балам, қызым бәріміз бірге тұрып жатқан едік. Жас келген сайын кәсіп жүргізу оңайға соқпайды. Әртүрлі қиындықтар бола бастады. Жүріп-тұруым қиындады. Соынмен кәсібімді жаптым. Енді үйде көп уақыт өткізетін болдым. Күйеубаламның мені жақтырмай жүргенін байқадым. Жас келген сайын түрлі ауыр сөздерді көтеру де қиын. Өзімді оларға салмақ салып отырғандай сезіндім,"- дейді ол.

Ол қызының бақытты өмір сүруіне кедергі болғысы келмейтінін тілге тиек етті.

"Қызыма бірге тұрайық десем де болатын бе еді, білмеймін. Олар бірақ мен олай айтқым келген жоқ. Оған жүк болып, өмір сүруіне кедергі болғым келмеді. Біз жас кезде осындай ауыр жағдай басымызға келеді деп ойламаймыз. Бірақ өмірде бәрі болады екен. Біз ата-анамызды бақтық, баптадық, соңғы сапарға шығарып салдық, атам бір жылдай төсек тартып жатты. Қазір заман басқа, уақыт бір орында тұрған жоқ. Жастар өздері үшін өмір сүргісі келеді. Өмір сүру ырғағы да тез болып кетті. Қызым жұмыстан келгенде, менің жағдайымды жасай ма, тамақ әзірлеп, күйеуіне көңіл бөле ме? Үнемі осындай қиын таңдаудың ортасында қалды. Әрине бәріне үлгеруге болады деуге болады. Бірақ оның өмірінің уақытын алғым келмеді. Өмір тез-ақ өтіп кетеді. Мен де оларды түсінемін. Біздің өмір жолымыз аяқталды. Бақытты өмір сүрдім деп ойлаймын", - деді әжей жанары жасқа толып.

Оның айтуынша, бұл жердегі қарттардың көбі перзенттеріне өкпелі екен.

"Осы жерде көп аталар мен әжелер тұрады. Олар келіндерінің жақсы болмағынан айтып, балаларына өкпелері барын айтып, шағымданады. Мен мұндай көзқараста емеспін. Әр адам өзі үшін өмір сүруге құқылы. Мүмкін олар балаларының мазасын алған шығар деген ойға қаламын. Мен өзім бірақ мұндай адам емеспін. "Неге мынаны былай жасадың?" деп ешкімнің мазасын алмадым. Бірге тұрғанның өзінде мазасын алып жатқан шығармын деп бөлек кеттім. Тар құрсағымды жарып шыққан балам болса да мазасын алғым келмейді.

Бұл жерге адамдар бақытты болғысы келгеннен келмейді. Өмірінің соңғы сағатында ешкімге кедергі келтірмеу үшін келеді. Әртүрлі жағдайдағы адамдар бар. Ақыл-есі орнында емес, өзі жүріп, тұра алмайды. Құдайдан осы күйімде алуын ғана сұраймын", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2166376-qyzym-meni-korgisi-kelmeidi-astanada-qarttar-uiinde-turatyn-zeinetker-uiinen-nege-ketkenin-aitty/