Жас жеткіншекті суицид әрекетінен қалай сақтап қалуға болады: алғашқы белгілері
Жарияланған күні:
Читать на русскомБаланың бойынан қауіпті белгілерді қалай аңғаруға болады? Жасөспірімнің тұйықталып, жаман ойлар жетегінде кетпеуі үшін онымен қалай сырласып, қалай сенімді қарым-қатынас орнатуға болады? Бұл сұрақтарға балалар психологы Гүлжан Ғұмсанова жауап берді.
- Жасөспірімдердің суицидке бейім болуының белгілері: мінез-құлықтың кенеттен өзгеруі, эмоциялық өзгерістер, алкоголь мен есірткіге қызығушылық, өлім тақырыбына қызығушылық және агрессивті мінез-құлық.
- Жасөспіріммен сенімді қарым-қатынас орнату үшін оның пікірін құрметтеп тыңдау, шыдамдылық таныту, сүйікті ісіне қолдау көрсету және басқа балалармен салыстырмау керек.
- Суицид тақырыбын ашық талқылау маңызды: эмпатия таныту, ашық диалог құру, кәсіби көмек ұсыну және жасөспірімнің сөздерін шындап қабылдау қажет.
Жасөспірімдік кезең адам өміріндегі эмоция тұрғысынан алғанда күрделі кезең саналады. Оған қоса қазіргі заманда жасөспірімдерге түсетін эмоциялық жүктеме ауыр. Осы орайда ата-аналарды көп алаңдатын мәселе – жасөспірімдерде суицидке бару туралы ой туу қаупі.
Жасөспірімдермен жұмыс істеудегі басты қиындықтардың бірі – суицидке бару туралы ой туғанын көрсетуі мүмкін белгілерді анықтау. Психолог Гүлжан Ғұсманова жасөспірімдердің мінез-құлқы мен эмоциялық жағдайындағы алаңдаушылық тудыруы мүмкін бірнеше өзгерісті бөле қарастырады.
Суицидке ұмтылу белгілері: Жасөспірім мінезінде неге мән берген жөн?
Алғашқы белгілердің бірі жасөспірімнің күнделікті жүріс-тұрысының кенеттен өзгеруі болуы мүмкін. Бұл көбінесе тәбеттің өзгеруінен, ұйқының бұзылуынен, мектептегі үлгерімнің нашарлауынан және әлеуметтік оқшаулануға ұмтылуынан көрінеді. Бұл белгілердің әрқайсысының басқа себептері болуы ықтимал болса да, ата-ана оған бәрібір назар аударуы қажет.
Эмоциялық өзгерістер ішкі дағдарысты да көрсетуі мүмкін. Мысалы, жасөспірімнен созылмалы шаршау, ашушаңдық немесе пессимистік ойлар байқалуы мүмкін. Қалжыңдап немесе еріксіз айтса да, өлім тақырыбын сөз қылса, мұны назардан тыс қалдырмау керек.
Алаңдатарлық белгілердің бірі – алкогольге немесе есірткіге қызығушылықтың артуы. Ішімдік пен есірткіні жасөспірімдер көбіне ақиқаттан қашу және ішкі проблемаларды жеңу әдісі ретінде пайдаланады және бұл суицидтік ойлармен байланысты болуы мүмкін. Өлім тақырыбына қызығушылық танытуы немесе ауыр фильмдер мен кітаптарға, көңілсіз музыкаға қызығушылық танытуы да жан-дүниесіндегі өзгерістерден хабардар етуі мүмкін. Кейде жасөспірімдер осындай қызығушылықтары арқылы өз сұрақтарына жауап табуға ұмтылады және олардың тек қызығушылыққа ғана емес, эмоционалдық дағдарысқа негізделгенін түсіну керек.
Кейде жан-дүниесі күйзеліп жүрген жасөспірімдер агрессивті болуы немесе күтпеген мінез-құлық көрсетуі мүмкін. Психолог мұны елеусіз қалдырмау керек екенін айтады. Гүлжан Ғұсманова сондай-ақ жасөспірімнің көңіл-күйінің ұзаққа созылған күйзелістен кейін күрт жақсаруы ерекше сақтық тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
Жасөспірімдермен қалай сенімді қарым-қатынас орнатуға болады?
Жасөспірімдердің ата-анасына алаңдатып жүрген ойларын айтпауының басты себептерінің бірі – отбасындағы сенім деңгейінің төмендігінде. Көбіне ата-аналар балаларының эмоциялық қажеттіліктерін елемей, олардың өмірін бақылауға тырысады. Жасөспіріммен сенімді қарым-қатынас орнату үшін онымен тілдесуге деген көзқарасыңызды өзгерту маңызды.
Ең алдымен, ата-ана жасөспірімді айыптамай, оның пікіріне құлақ асуды үйренуі керек. Кейде ересектер үшін елеусіз болып көрінетін мәселелер жасөспірімдерге өте маңызды болуы мүмкін. Жасөспірімнің өміріне деген шынайы қызығушылық пен "Қал-жағдайың қалай?" деген қарапайым сұрақ қауіпсіздік пен сенімділік сезімін тудырады.
Шыдамдылық таныту да маңызды жайттардың бірі, жасөспірімдер үшін ер жету кезеңі әлемде өз орнын іздеумен қатар жүреді, бұл тұста эмоциялық тербелістер болатыны сөзсіз. Ата-аналар төзімді әрі баласын қолдауға дайын болуы керек, тіпті олардың мінез-құлқы кейде қиын болып көрінсе де. Жасөспірімнің сүйікті ісіне қолдау көрсету сенімді қарым-қатынас құруда маңызды рөл атқарады. Мектептегі жетістіктерін немесе үйде атқаратын жұмыстарын ғана емес, сүйікті ісін, баланың қызығушылықтарын бағалайтыныңызды көрсету маңызды.
Жасөспірімді басқа балалармен салыстырудан аулақ болған жөн. Мұндай салыстыру өзін-өзі бағалауына нұқсан келтіріп, эмоциялық тұрғыдан алшақтатуы мүмкін. Әрбір жасөспірім ерекше және ның мықты жағын мойындау маңызды. Бұған қоса ата-аналар балаларымен ашық сөйлесуі керек. Үнемі сынау немесе айыптау жасөспірімнің тұйықталып кетуіне себеп болуы мүмкін. Тең дәрежеде сөйлесу, тыңдау және кез келген жағдайда қолдау көрсетуге дайын болу маңызды.
Жасөспіріммен суицид туралы қалай сөйлесуге болады?
Суицид тақырыбы – ең қиын және нәзік тақырыптардың бірі, бірақ оны айналып өту мүмкін емес. Жасөспірім күйзелген кезде өзін жалғыз сезінбеуі үшін ата-аналар бұл мәселені ашық талқылауы керек. Психолог Гүлжан Ғұсманова мұндай әңгімелерге мұқият әрі түсіністікпен қарауға кеңес береді.
Ең алдымен эмпатикалық тәсілді қолдану маңызды. Жасөспірімдерге айыптау емес, қолдау керек. Жасөспірімнің бастан кешіріп жатқан сезімі ұялуға себеп емес екенін, әр адам қиын эмоцияларды бастан кешіруі мүмкін екенін түсіндіре білу маңызды.
Ашық диалог та маңызды рөл атқарады. Ата-аналар жасөспірім баласына алаңдатып жүрген тақырыптарды бірге отырып талқылауды ұсынып, тыңдауға және көмектесуге дайын екенін көрсету керек. Жасөспірімнің өмір мен өлім мәселелерін қалай қабылдайтынын, өз-өзіне қол жұмсау туралы не ойлайтынын және бұл оның қазіргі халімен қалай байланысты екенін түсіне білу қажет.
Егер жасөспірім өз-өзіне қол жұмсау туралы ойын білдірсе, кәсіби көмек ұсынылуы керек. Мұндай жағдайда психолог немесе психиатрға бару маңызды қадам болады және оны әлсіздік белгісі ретінде қабылдауға болмайды.
Гүлжан Ғұсманова жасөспірімді оның ашылып айтқан әңгімесі өміріне қауіп туғызбайтын болса, құпия түрде қалатынына сендіре білу керек. Бұл аспект бала айыптаудан қорқатын болса, қауіпсіздік сезімін қалыптастыруға көмектеседі.
Жасөспірім суицидтік ойлар айтса, не істеу керек:
- Айтқан сөздерін шындап қабылдаңыз. Жасөспірім өз-өзіне қол жұмсау туралы айтқан сайын, оны маңызды сигнал ретінде қабылдау керек. Мұны эмоциялық тұрақсыздық немесе уақытша жағдай деп санауға болмайды – әр сөзіне назар аударуыңыз қажет;
- Сабыр сақтаңыз. Ата-аналардың эмоциялық реакциялары жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Жасөспірімдер басқалардың эмоцияларына сезімтал, ал ересектер тарабынан дүрбелеңге салыну оның жағдайын қиындатып жіберуі мүмкін;
- Көмек сұраңыз. Егер сіздің жасөспірім балаңыз өз-өзіне қол жұмсағысы келетінін айьса, дереу кәсіби көмекке жүгініңіз. Психологпен, психиатрмен немесе білікті қолдау көрсете алатын және ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алатын басқа мамандармен сөйлесу қажет.
Интернет пен әлеуметтік желілердің әсері
Интернет пен әлеуметтік медиа жасөспірімдерге теріс әсер етуі де мүмкін. Ата-аналар контенттің зиянды ықпалын көрсететін мынандай белгілерге назар аударуы керек:
- мінез-құлықтың өзгеруі;
- Интернетте көп уақыт өткізу;
- оқу үлгерімінің төмендеуі;
- сыртқы келбетінің нашарлап, өз-өзіне қарамай кетуі.
Интернеттің жағымсыз әсерлерімен күресу үшін шектеулер қою, жасөспіріммен көргенін талқылау, олардың шынайы өмірде қызығушылықтарын қолдау, сыни ойлауды дамыту және қажет болған жағдайда кәсіби көмекке жүгіну маңызды.
Жасөспірімдер проблемалары көп жағдайда елеусіз қалады, бірақ дәл осы кезеңде ересек өмірдің негізі қаланады. Қауіп тудыратын белгілерді уақытында тану және балалар өмірінің ең қиын сәтінде ата-ана тарабынан қолдауды сезінуі үшін сенімді қарым-қатынас орнату маңызды. Өйткені ересектер ғана баланың қиындықтарды жеңіп, өмір жолын дұрыс құруына көмектесе алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2166409-zhas-zhetkinshekti-suitsid-areketinen-qalai-saqtap-qaluga-bolady-algashqy-belgileri/