Төлен Әбдіктің "Оң қолы": әңгімеге шын болған оқиға арқау болған ба
Жарияланған күні:
"Оң қол" әңгімесі – классик жазушы Төлен Әбдіктің есімін оқырманға кең танытқан алғашқы шығармаларының бірі. Бұл туындысын қаламгер 25 жасында жазған. Жарты ғасыр бұрын жазылған шығарманы оқырман әлі іздеп жүріп оқиды. Мұның сыры неде?
- Төлен Әбдік "Оң қолы" әңгімесі - жазушының 25 жасында жазған, оқырмандар арасында әлі де танымал шығарма.
- Әңгіме психиатриялық аурухана дәрігерінің оң қолы өзіне қастандық жасайтын жас қыз туралы баяндауына негізделген.
- Шығарма адам психологиясындағы күрделі құбылыстарды, махаббат сезімін және медициналық этика мәселелерін қозғайды.
Әңгіме желісі бойынша психиатриялық аурухананың дәрігері есінде ерекше сақталып қалған жайтты әңгімелеп береді. Шығарманың бас кейіпкері Алма есімді жас қыз қорқынышты дертке шалдыққан:
"Март айының аяқ кезінде бізге жасы он жетілер шамасындағы бір қыз түсті. Қабылдау үстінде ата-анасы қыздың өзін өзі бірнеше рет қылғындырып өлтірмек болғанын айтты. Маңындағылардың араласуымен аман қалған. Ал қыздың өзі мүлде басқаша баяндайды. Ол: "Маған қастандық жасаған мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр", - деп өзінің оң қолын көрсетеді. Бізде мұны ішкі тұлғаның екіге жарылуы деп атайды. Психопатологияның бір түрі. Яғни бір дененің ішінде екі түрлі "жан иесінің" кезектесіп, не қатар өмір сүруі. Мұның бәрі мидың шешілмей жатқан жұмбақтары ғой... ".
Дәрігер науқасты ерекше бақылуына алып, жеке күнделік жүргізіп, зерттеуге кіріседі. Қыздың жүріс-тұрысынан, сырт келбетінен сырқат белгісі білінбегенімен, түн баласы қалың ұйқыға кеткенде оң қолы қызды қылғындыра бастайды:
"Оң қол Алмаға тек қалың ұйқы құшағына енгенде шабуыл жасайды. Яғни өзіне қанша түсініксіз болғанмен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін, мінез-құлқын, адамдармен қарым-қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген ниет. Науқастың шешесі, иә әкесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін-өзі өлтірмек болған. Енді олар әлдебір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Санасының иесі - қыз өлуге тиісті. Әлгі ниет қыздың организмі толық тыныштыққа енген кезде таңғажайып қатерлі рефлекс арқылы оянып, оң қолға сигнал береді".
Қызға ешқандай дәрі, тіпті электротерапия да көмектеспейді. Қайта жағдайды қиындатып жібереді. Дәрігер науқасты түнімен күзетіп отырып, оң қолы қылғындырмақ болғанда, арашалап алып жүреді:
"Бірде ұйықтап жатқан Алманың жанында кітап оқып отырғанмын. Кенет төңіректе әлдебір қимылдың болғанын сездім де, басымды көтеріп алдым. Сол кезде мен оң қолдың кеуде бойымен алқымға қарай жылан секілді ақырын жылжып бара жатқанын көрдім. Бұл шынында да өте қорқынышты көрініс еді. Алманы оятып алмауға тырысып, барынша еппен қолды қыса ұстап, кереуетке бастым. Қол бір-екі жұлқынды да, қайтып қарсыласпады. Алма оянып кетті".
Дәрігер дүниеден баз кешіп, жалғызсырап жүрген қыздың көңілін аулап, көмектескісі келеді. Сөйтіп жүргенде екеунің арасында сезім пайда болады. Бір күні екеуі жасырын кешкі серуенге шығып келеді. Бір қызығы, сол күні оң қол ешқандай әрекет жасамайды. Қызға қалайда көмектесуге бекінген дәрігер аурахана меңгерушісін қыздың оң қолының саусақтарын, не болмаса оң қолын толығымен кесіп тастауға көндіреді де, аруханада түнемей үйіне қайтады.
"Рас, дүниенің бәрі адамның қолымен жасалады... Бірақ, зұлымдық та адамның қолымен жасалмай ма?.. Зұлымдық жасайтын қолды тез кесіп тастамаса, болмайды... Тез... кесіп тастау керек... Тез... "
Дәрігер осы оймен ертесі ертемен аурухана жетеді. Бірақ бәрі кеш болады...
"Біз тәні ауыратындарға аяушылық білдіріп, оларды жақсы көре түсеміз, ал жанның дертіне шалдыққандарды көргенде көкейімізде әйтеуір өзіміздің аман екенімізге шүкіршілік білдіретін қаскөй қуаныш тұрады. Ғаріпті аясаңыз, ақыл-естен айырылғандарды аяңыз, соларды сүйіңіз". "Оң қол" әңгімесінен үзінді.
Журналист Бауыржан Омарұлы "Оң қол" жарыққа шыққан кездегі оқырманның күйін былай сипаттайды:
"...қаймана қазақтың жалпыхалықтық ықыласын оятқан "Оң қолдың" жөні бөлек. Өйткені "Оң қол" жарыққа шыққанда бүкіл ел суатқа құлаған жылқыдай шөлдеп келіп бас қойды. Сол ойлы оқырманның әсері жарты ғасырға дейін тарқаған жоқ. Дәл осындай романтикалық көңіл-күйдің жоғалғаны қашан?!"
Шығарма адам жанындағы алуан құбылыс пен қарама-қайшылықты ашып көрсетеді.
"Менің байқағаным, алғашқы философиялық, ғылыми тұрғыдан алған идеям екінші планға кетіп, бірінші планға дәрігер жігіт пен науқастың арасындағы махаббат секілді сезім шығып кетті", - дейді автордың өзі "Оң қол" әңгімесі турасында.
Төлен Әбдіков 1942 жылғы 4 қыркүйекте Қостанай облысы Жангелдин ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Қазақ Ұлттық университетін бітірген.
- 1965-70 жылдары "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі;
- 1970-77 жылдары "Жалын" альманағында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары;
- 1977-79 жылдары "Қазақфильм" киностудиясында бас редактор;
- 1979-90 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының орталық комитетінде жауапты қызметте болған;
- 1990-92 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болды.
- 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінде сектор меңгерушісі.
- 1997 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары болған.
Abai.kz порталында жарық көрген мәлімет бойынша, қаламгер – 10-нан астам повесть, әңгіме, 1 роман, 2 пьеса авторы. Қаламгер тырнақ алды "Райхан" атты әңгімесін 20 жасында жазған. Қарымды жазушының қаламынан "Күзгі жапырақ", "Ақиқат", "Айтылмаған ақиқат", орыс тілінде "Истина" атты повестер мен әңгімелер жинағы шыққан. "Өліара", "Біз үшеу едік" пьесасы республикалық театр сахналарында қойылды. Грек аңыздары "Эллада ерлерін" қазақ тіліне аударған. Сонымен қатар бірнеше шығармалары шетел тілдеріне аударылды. 2002 жылы жазылған "Парасат майданы" повесі үшін ПЕН-клубтың сыйлығын иеленіп, Халықаралық Франц Кафка атындағы сыйлықпен марапатталды.
Соңғы жылдары жазушының "Ардагер" атты пьесасы мен "Тұғыр мен ғұмыр" атты повесі жарық көрді.
Қаламгердің қай шығармасын алсақ та шоқтығы биік, ал жарты ғасыр бұрын жазылған "Оң қол" әңгімесін оқырман әлі күнге дейін іздеп жүріп оқиды. Жазушы бақыты деген осы болса керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2168329-tolen-abdikting-ong-qoly-anggimege-shyn-bolgan-oqiga-arqau-bolgan-ba/