Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алатау әкімдігі өкілдері жалақысы 25 пайызға қысқарған мұғалімдермен өзара түсіністік орнатқанын мәлімдеді

Жарияланған күні:

Мұғалім мен оқушы
Мұғалім мен оқушы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алатау қаласы әкімдігінің өкілдері жалақысы 25 пайызға қысқарып қалғанына келіспейтінін айтқан мұғалімдермен өзара түсіністікке қол жеткізгенін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 қазанда Алатау қаласындағы №1 және №47 мектептерінің педагогикалық ұжымдары жергілікті мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесті. Бұған дейін мектеп ұжымдары әкімшілік-аумақтық құрылыстың өзгеруіне байланысты жалақы мөлшерінің өзгеруіне қатысты алаңдаушылықтарын білдірген.

Жергілікті басқару органы өкілдері Алатау қаласында бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы неліктен азайғанын түсіндірді.

"2024 жылғы 9 қаңтардан бастап Алатау қаласының құрамына бұрын Алматы облысының Қонаев қаласына, Іле және Талғар аудандарына қарасты бірқатар елді мекендер енгізілді. Осыған орай қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған аумақтарда тұратын бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесінде өзгерістер орын алды", - дейді олар.

Туындаған мәселелерді жан-жақты қарау мақсатында Алатау қаласы әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, сондай-ақ облыстық білім және ішкі саясат басқармаларының өкілдері педагогтермен кездесуге келген.

"Нәтижелі диалог барысында еңбекақы төлеу мәселелерімен қатар, тұрғындардың өзекті мәселелері - көлікпен қамтамасыз ету, қоқыс шығару, газбен жабдықтау мәселелері де талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша педагогикалық ұжымдармен өзара түсіністікке қол жеткізілді", - дейді Алатау қаласы білім бөлімінің баспасөз қызметі өкілдері.

Айта кетейік, 1 қазанда бір топ мұғалім қала мәртебесі берілген Жетіген ауылында (қазіргі Алатау қаласы - ред.ескертпесі) жалақы 25 пайызға қысқарып қалғанын айтып, көшеге шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2168595-alatau-akimdigi-okilderi-zhalaqysy-25-paiyzga-qysqargan-mugalimdermen-ozara-tusinistik-ornatqanyn-malimdedi/