Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жалақысы 25 пайызға қысқарған Алатау қаласының мұғалімдері жанайқайын айтып, көшеге шықты

Жарияланған күні:

мұғалімдер
Мұғалімдер. Видеодан кадр: Instagram/gres_big_family

Жаңадан құрылған Алатау қаласында мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға қысқарып қалған. Қала мәртебесі берілген бұрынғы Жетіген ауылының ұстаздары бұл шешіммен келіспейтінін айтып, көшеге шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

1 қазанда қала мәртебесі берілген бұрынғы Жетіген ауылының мұғалімдері жалақысы 25 қысқарғанын айтып, көшеге жиналды. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды.

"Жалақы 25 пайызға қысқарды. Қала мәртебесін алған бұрынғы ауыл мұғалімдері шешіммен келіспейді", - делінген бейнежазба сипаттамасында.

Видеоға желі қолданушылары да пікір қалдырған.

"Қандай қала? Жол анау, жарықтандыру жоқ, көше толған ит, жалғыз автобус қатынасы", "Орталықтандырылған су жоқ, жол жоқ, интернет тартпайды", "Қала мәртебесіне мүлде сәйкес келмейді. Еш жағдай жасалмаған", - деп жазады желідегілер.

Бұған дейін Алатау қаласының ұстаздары Алматы телеарнасына жүгініп, жанайқайын айтқан.

"Осы уақытқа дейін ауыл болғандықтан 25 пайыз ақша төленетін, соны алып тастап жатыр. Алатау қаласына көштік. Қалаға ұқсап тұрған түгі жоқ,  автобус жоқ. Ешқайда шыға алмаймыз, такси жалдаймыз", - деді №35 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Дариға Айманбетова телеарна тілшісіне.

Алатау қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлжан Ерубаева өткен айда телеарна тілшісіне берген жауабында 25 пайыз төлемді қалдыруды сұрап, Оқу-ағарту минстрлігіне және Қаржы министрлігіне хат жолданғанын айтқан.

"25 пайыз төлемді қалдыруды сұрадық. Ол қаралып жатыр", – деді Алатау қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлжан Ерубаева.

Портал тілшісі Алматы облысы әкімдігіне мұғалімдердің наразылығына қатысты сауал жолдады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2168508-zhalaqysy-25-paiyzga-qysqargan-alatau-qalasynyng-mugalimderi-zhanaiqaiyn-aityp-koshege-shyqty/