АЭС салу бойынша референдум: алдын ала қорытынды жарияланды (фото)
Жарияланған күні:
Республикалық референдумның алдын ала қортындысы жарияланды. Ресми дерек бойынша, 5 561 937 адам немесе дауыс берушілердің 71,12 пайызы АЭС салуды қолдап дауыс берген. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Дауыс берушілер туралы алдын ала мәліметті брифинг барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді.
"7 қазандағы таңғы сағат 8.00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 323 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Кеше Орталық референдум комиссиясы күні бойы онлайн-режимде өңірлердің жедел деректері негізінде қазақстандықтарды азаматтардың дауыс беруге қатысуының ағымдағы жай-күйі туралы хабардар етіп отырды", - деді ол.
Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 284 487 адам болған: дауыс беруге 7 820 204 адам қатысқан, бұл референдумға қатысуға құқығы бар қазақстандықтардың 63,66 пайызына тең.
Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 561 937 адам болған, бұл дауыс берушілердің 71,12 пайызына тең.
Еске салсақ, 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу бойынша республикалық референдум өтті.
Айта кетейік, сағат 20:00-де АЭС құрылысы бойынша республикалық референдумда дауыс беру аяқталды. Қазақстанда уақыт белдеуінің ауысуына байланысты сайлау учаскелері алғаш рет бір уақытта жабылды. Референдумға ұсынылған сұрақ: "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" Қазақстандықтар "иә" немесе "жоқ" деген жауапты таңдады.
Орталық референдум комиссиясы атом электр станциясының (АЭС) құрылысы бойынша референдумда дауыс берушілердің келуінің алдын ала қорытындыларын жариялады. Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 7 820 918 қазақстандық немесе халықтың 63,87 пайызы дауыс берген.
ОКҚ брифингінде "Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана" қорының сарапшысы АЭС бойынша референдумның exit poll деректерін ұсынды. Қор сарапшысы Әлібек Тәжібаев келтірген мәлімет бойынша, АЭС-ті қолдап дауыс бергенін 69,8 пайыз респондент мәлімдеген. АЭС салуға қарсы екенін айтқан қатысушылардың үлесі 30,2 пайыз болған. Қатысу көрсеткіші 67,3 пайыз деңгейінде тіркелген.
Қоғамдық саясат институтының екінші экзитполының мәліметтері бойынша, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 72,3 пайызы АЭС салуды қолдап дауыс берген, ал 27,7 пайызы АЭС-ке қарсы болған. Сауалнамаға 44 160 адам қатысқан.
Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнамаларының да нәтижесі жарияланды. Бұл институттың зерттеуі ZAKON.KZ ақпараттық платформасының тапсырысы бойынша жүргізілген. Оған сәйкес, халықтың 69,8 пайызы АЭС салуды қолдаған, 30,2 пайызы қарсы шыққан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2170867-aes-salu-boiynsha-referendum-aldyn-al-qorytyndy-zhariialandy/