"Отыздан жасым аспаған": Оразалы Досбосыновтың тағдыры, шығармашылығы туралы не білесіз
Жарияланған күні:
Айтыста жасындай жарқыраған Оразалы Досбосыновтың дүние салғанына биыл жиырма жылдың жүзі болды. Айтыс сахнасына құбылыс болып келген Оразылы ақынның өзін де, отты жырларын халқы әлі ұмыта қойған жоқ.
- Мақалада айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалады. Ол 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келіп, жас кезінен айтыс өнерімен айналысқан.
- Оразалы Досбосынов 29 жасында қайтыс болғанына қарамастан, айтыс өнерінде үлкен із қалдырған. Ол жеті-сегіз немесе он бір мақам түрін жаңғыртқан деп саналады.
- Мақалада сондай-ақ Оразалы Досбосыновтың жары Ажар Түзелбекқызы туралы да айтылады. Ол да әнші болған және күйеуіне арнап "Сағындым сені" әнін орындаған.
Айтыскер ақынның туған жері, өскен ортасы
Айтыс өнерінде айшықты із қалдырған Оразалы Жарылқасынұлы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысы Райымбек ауданы (бұрынғы Нарынқол ауданы) Тегістік ауылында дүниеге келген. Тегістік ауылындағы М. Мақатаев атындағы мектеп қабырасында білім алған. 12-13 жасында қолына домбыра ұстаған қағілез бала мектепшілік, аудандық, облыстық жас ақындар айтысында көзге түсе бастаған.
"Егемен Қазақстан" балысымында жарық көрген "Он алты жастағы Оразалы" деген мақалада ақынның анасы Саламат Жақсылықованың мына бір естелігі беріліпті: "Бір күні мектептен келіп: "Ауданға айтысқа барамын" деді. Түстен кейін қойдың кезегі болатын. "Қойшы сол айтысыңды, қойды бақ" деп едім, құлыным жылап жіберді. Сосын "Бара ғой, сол бес-алты қойды мен қарай тұрайын" деп рұқсат еттім. Жұдырықтай болған жарығым барған сайыстарынан құр қол келмейтін".
Анасының айтуынша, Оразалы Досбосыновтың әкесі үш ағайынды болған: Жарылқасын, Қасым, Оразалы. Жарылқасынның ағасы Оразалы Қытайда Текес жерінде ақын болған, жыршы болған кісі екен. Өнер қуып жүріп хабарсыз кетіпті. Әкесі сол бауырының аты өшпесін деп ұлына Оразалы атын беріпті...
"...Қабырғасы иіліп,
Көрші-қолаң жиылып.
Өмірдің көрмей қызығын,
Жас жаны кетті-ау қиылып" деп келетін ең алғашқы өлеңін ақын 23 жасында дүние салған Азат ағасына арнаған екен.
"Мектепте өткен айтысқа алғаш рет қатысып, Бағашар деген баланы жеңген соң, оның айтыс өнеріндегі қиын да қызық, қасиетті жолы басталып кетті. Ораздың айтыстағы ең бірінші кәсіби ұстазы – өзі де айтыс ақыны Хасен Саматұров", - деп жазған екен ақынның тетелес ағасы Оңғар Досбосынов.
Алматыдағы Республика сарайында өткен Халықаралық айтыста сол кездегі 9-сынып оқушысы Оразалы Досбосынов қырғыздың ақыны Туғанбаймен болған айтысында былай жырлайды:
"Өлең де, жырды мен едім,
Домбыраменен толғаған.
Қолына алса домбыра,
Оңды солды болжаған.
Қытайда, жұртым, біздің жұрт,
Аспанын қазақ торлаған.
Мінген атым астыма,
Домбыра деген ақтангер.
Қаумалап тұрған ағайын,
Бізге де бүгін сақтан дер.
Мақтанбай-ақ айтайын,
Бұл жырды біреу мақтан дер.
Біреулері жаттан дер.
Монғолия да біздің жер,
Қазақ малын баққан жер.
Астрахан да біздің жер,
Абылай бабам шапқан жер.
Орынбор да біздің жер,
Шоқан ағам басқан дер.
Ташкент те біздің жер,
Жалаңтөс Баһадүрменен
Төле би бабам жатқан жер".
Мектепті бітіргеннен кейін Оразалы Досбосынов бір жыл Тегістік ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болып жұмыс істейді де, келер жылы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетің филология факультетінің студенті атанады. 2003-2004 жылдары Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында көркемдік жетекші және "Айтыс" үйірмесінің жетекшісі болып, шәкірт тәрбиелеп, халықаралық, республикалық айтыстарда түйдек-түйдек жырларымен айтыс сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
"Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған.
Иегін сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжарықпын, Шарғынмын,
Басынан сөз аспаған.
Көдектен қалған бір ұлмын,
Қаймықпай сөйлер патшадан.
Құлмамбеттен қалған құлынмын,
Халықтың өзі баптаған" деп жырлайды ақын.
Ал Дулат Бабатайұлының 200 жылдығына арналған айтыста былай дейді:
"Бақсыз жерде бақ шаппас,
Айғайға қаны қызынбай.
Жігіттің бағы жанар ма,
Бір Аллаға сиынбай?
Арғы атам Көдек ақын ед(і)
Өлеңнің асқақ туындай.
Қойдым мен Шарғын сөйлесе,
Шөл қандырыпты ел, кеше,
Әбілхаят суындай.
Таңжарық ақын сөйлепті,
Қылықты екен сөздері,
Қызайлардың қызындай.
Бүгінгі мына жиында,
Мен де солай сөйлейін,
Сылдыр судай сұйылмай.
Өйтпесем, мені кешірмес,
Атамыз Жамбыл, Сүйінбай.
Құлан аяңға салайын,
Құлмамбеттен қалған құлындай.
Сен қолдап берсең өр елім,
Күшіне енер өренің.
Күшәла қосқан қымыздай...".
Айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов Оразалы Досбосыновтың жан-жақты, терең білім иесі болғанын айтады: "От ауызды, орақ тілді Ораз тек қана ақын емес, ол ауыз әдебиетін жетік меңгерген фольклоршы әрі тарихты тереңнен қозғай білетін, бойына шешендікті, шеберлікті дарытқан аузы дуалы шайыр еді. Айтыс үстінде мақамды бірнеше түрге құбылтып, тыңдаушысын айрандай ұйытып, ұршықтай иіріп алатын қасиет Оразалыда ғана болатын. Жетісу айтыс ақындарының да мақам-саздарын жаңғыртып, жыр додасына алып келген әрі бірегей ақберен жүйрік осы азамат еді".
Оразалының құлағына қай періште сыбырлайтынын кім білсін, адам естімеген қайдағы оқыс та тапқыр теңеулер оның төкпе шумақтарының жалын күдірейтті, жонын биіктетті. Ақын, публицист Жүрсін Ерман.
Ақын Серікзат Дүйсенғазин Оразалы Досбосыновтың керемет әнші, керемет домбырашы, керемет актер, шешен болғанын атап өтеді.
Өнер зерттеушілері Оразалы ақын айтыста жеті-сегіз мақам түрін алып шыққан десе, тағы бір зерттеушілер оның он бір мақамды жаңғыртқанын айтады.
"Қанды ауыз тағдыр қалайсың,
Он екі мүшең аман ба?
Қорқыт боп келсем, өмірге,
Қарсы тұрмас ем ажалға.
Әзірейіл тұрар тегінде,
Алынбай ешбір амалға.
Аш күзендей иіліп,
Аллаға адал сыйынып,
Маңдайы жерге тигенше,
Шынтағың ақты сүйгенше.
Тұрағы жоқ тұл тағдыр,
Одан да жығыл намазға.
Мұқтаж боп өткен Мұхтар да,
Абайдың жырын оқыған,
Он сегіз мың ғаламға.
Мәйітке біржола айналып,
Көрдің есігін қағарда.
Бір шумақ өлең оқышы,
Қабірімді менің қазарда.
Қаламымды орап бірге көм,
Бір жапырақ қағазға.
Ақымға мені саларда,
Дәл солай істе болмаса,
Кебенегімді жамылып,
Асан боп арман айтармын.
Аңызды ажал далаңда.
Түркілер де білген ақырын,
Тағдырын тасқа жазарда", деп жырлаған Ораз ақын небәрі 29 жасында қасиетті қара сөзден өзіне мәңгілік ескерткіш соқты да, бұл дүниемен қош айтысып кете барды. Қазақ халқы 2004 жылғы 30 қазанда Оразалыдай дара туған ұлынан қапыда көз жазып қалды. Айтулы ақын Алматы облысы Шонжы ауылынан келе жатқанда көлік апатынан көз жұмды.
Отбасы
Оразалы Досбосыновтың көп ішінен таңдап алған жары Ажар Түзелбекқызы да ел есінде сыңғырлаған үнімен, "Анаға хат", "Бақыттымын", "Сағындым сені" сияқты әуезді әндерімен қалды.
Ажар Түзелбекқызы 1977 жылғы 29 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Тасты ауылында дүниеге келген. Әнші бала кезінен өнерге жақын болып өседі. Арман қуып Алматыға келіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан білім алады.
Өнерлі отбасында Нұрайша мен Нұрсұлтан есімді өнерлі ұл мен қыз дүниеге келген.
Ажар Түзелбекқызының орындауындағы "Сағындым сені" әні жарына қойылған рухани ескерткіш іспетті. Бұл әннің әуенін әнші Роза Әлқожа мектеп қабырғасында жүргенде жазған екен. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, еңбекке араласқанда тілші ретінде Ажар Түзелбекқызынан сұқбат ала жүріп, жақын араласып кетеді. Екеуі "Сағындым сенінің" әніне сөз жаздырамыз деп жүрген шақта Ораз ақын дүние салады. Лирикалық әннің жоқтау әнге айналып кеткенін қаламаған Роза Әлқожа әнді Ажар Түзелбекқызына бергісі келіңкіремейді. Дегенмен Ажар Түзелбеқызы жарына деген зарын сол әнмен жеткізгісі келіп, Роза Әлқожаға қолқа салады. Махаббат туралы лирикалық әннің тағдырына алаңдаған Роза Әлқожаның көңілі түсіңкіреп қалады. Бірақ көп ұзамай түс көріп, әнді беруге келіседі. Оны Роза Әлқожа былай еске алады:
"Түс көріппін. Түсімде көңіл күйім жоқ, баспалдақтан түсіп келе жатыр екенмін. Оразды іні қылып жүретін журналист қайынағам бар. Екеуі ылғи бірге жүретін. Сол екеуі тұр екен. Екеуі де қайынағам ғой деп иіліп сәлем беремін.
Өзімнің қайынағам үндемейді де, Ораз бұрылып қарап: "Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!" деп қуанып тұр екен. Оянғаннан кейін дереу Ажарға хабарласып: "Ажке, мен қателесіппін. Ораз деген бір емес, он ән арнаса да татитын азамат екен. Кешірім сұраймын. Жылын күтейік. Сіз осы әнді айтыңыз" дедім".
Әннің сөзін ақын Исрайыл Сапарбайға жаздырып алады да, Ажар Түзелбекқызы дыбыс жазатын студияда әнді бір деммен жазып шығып, бейнебаян түсіреді.
Арада жеті жыл салып Ажар Түзелбекқызы да қапияда қаза болды. Ол 2011 жылғы 14 мамырда Талдықорғаннан келе жатып көлік апатына ұшырап, ауруханада жантәсілім етті.
Халқы Ораздай ақыны мен Ажардай бұлбұл көмей әншісін күні бүгінге дейін сағынышпен еске алады. Ораздың отты жырлары, Ажардың үзілте салған әндері әлі де ел есінде. Қос дарын дүниеден тым ерте өтіп кетсе де, артында өшпес мұрасы қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171235-otyzdan-zhasym-aspagan-orazaly-dosbosynovtyng-tagdyry-shygarmashylygy-turaly-ne-bilesiz/