Антикор ресми өкілі Astana LRT экс-басшысы сотқа келмегенін айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомАнтикордың ресми өкілі Данияр Биғайдаров брифингте Астанадағы LRT құрылысы кезіндегі ұрлық дерегі бойынша қылмыстық істер аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлады.
Ресми өкілдің сөзінше, "Астана банкі" АҚ-тың бұрынғы мажоритарлық акционері Олжас Тоқтаров пен Astana LRT ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
"Бүкіл тергеу барысында күдіктілердің Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуына және жауап беруден жалтаруына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы аталған тұлғаларды Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 208-бабының 1-бөлігіне сәйкес жауапқа шақыру шараларын қабылдады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 205-баптың 3-бөлігін басшылыққа ала отырып, БАҚ-та күдіктілерді шақыру туралы хабарлама жариялады, бірақ олар жауап беруге келмеді", - деп түсіндірді Данияр Биғайдаров.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, ауыр қылмыс жасау фактісі бойынша тергеп-тексеру барысында жиналған дәлелдемелер бұл тұлғалардың әрекеттерін сырттай саралауға мүмкіндік берді.
"Қазір біз қылмыстық іс материалдарымен танысып жатырмыз, 19 қыркүйекте қылмыстық іс сотқа жіберілді", - деп қорытындылады Биғайдаров.
Айта кетейік, Талғат Арданды Антикор тамыз айында жауапқа алуға шақырған болатын.
"Қазіргі уақытта тергеу нәтижесінде ауыр қылмыс жасауда жиналған дәлелдер күдікті Т. Ардан әрекеттерін Қылмыстық Кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша саралауға мүмкіндік берді.
Қылмыстық-процестік кодексінің 208-бабы 1-бөлігіне сәйкес күдікті жауап алуға шақырылады", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172054-antikor-resmi-okili-astana-lrt-eks-basshysy-sotqa-kelmegenin-aitty/