Астынан алтын мен асбест шығып жатқан қазақстандық қала тұрғындары ауыз су мен газға неге әлі мұқтаж
Жарияланған күні:
Бір ғасырдан астам жер асты қазба байлығын үздіксіз беріп жатқан Жітіқара қаласы әлі толық инфрақұрылыммен жабдықталмаған. Шаһардың шеткі үйлерінде газ түгілі, ауыз су да жоқ. Қала тұрғындары дамыған елдердегідей өркениетті өмір сүргісі келетінін айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жітіқара қаласының тұрғыны Маусымжан Мыңжасарова "Шерхан Мұртаза айтпақшы "Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз" дейді. Қаланың шеткі үйлерінің дәл жанында алтын өндірісінен қалған қалдықтар тау-тау болып үйіліп жатыр. Ал сол жердегі баспаналар өткен ғасырда қалай салынса, солай тұр. Жұпыны тірлік кешкен халық тіпті ауыз суға да жарымай келеді.
"Таза су мен газ тартып берсінші деп жылда айтамыз. Облыс әкіміне де, қала әкімдеріне талай мәрте айттық. Бюджетте ақша жоқ деп шығарып салады", - дейді Жітіқара қаласының тұрғыны Маусымжан Мыңжасарова.
Жітіқара қаласының алғаш қазығы қалғылған жер "Веселый аул" деп аталған.
1913 жылы мұнда 12 алтын кеніші, екі химия зауыты жұмыс істеген. Жылына 2,5 центнер алтын өндіріп, Ресейге жіберген екен. 1939 жылы жұмысшы кенті қалаға айналды. Ал 1960 жылы осы аймақта асбест кен орнының ашылуына байланысты қала тез қарқынмен өсіп, түгелдей жаңарған. Тек қала шетіндегі ескі шаһардың тірлігі сол өткен ғасырдан бері өзгермей келеді. Газ, түгілі ауыз су да жоқ.
"Былай айтқанда, алтынға малынып отыруымыз керек еді. Бірақ билік өкілдері құр уәде берумен ғана келеді. Су өткіземіз деп қазып кеткен шұңқырлары сол қалпында жатыр. Қайдағы су, ештеңе де жасалып жатқан жоқ", - дейді қала тұрғыны Валентина Демесенко.
Облыстың басты өндіріс ошақтарының бірі шоғырланған аудан орталығының шеткі үйлерінде тұратын тұрғындар таза ауыз су үшін қала ішіне көлікпен қатынап жүр. Ал қыстан тоңбай шығуға 100 мыңдаған ақша қажет.
"Қазір маған пеш жағу үшін көмір мен ағаш сатып алу керек. Көмір үшін 200 мың теңге, ал ағашқа 20-30 мың теңгедей қажет", - дейді Евгений Захаров.
Қала әкімі Мейрамбек Ордашевтің айтуынша, су құбырын тартуға қаржы бөлінген, жұмыстың біраз бөлігі жасалды. Келер жылы 100 пайыз ауыз су беріледі. Ал газ тартудың жобасы да жоқ. Жобалық құжаттарын жасау үшін ақша 2025 жылға қаралған. Бірақ газ құбырын тартуға қашан қаржы бөлінері белгісіз.
"Бюджеттің қаржысын жұмсауда алдымен кәріздерді жаңалауды басты назарға қойдық. Содан соң жылу жүйелерін қысқа әзірлеуге қаржы бөлінді. Ал, су, газ тарту үшінші орында тұр. Бүгінде қаланың 70-80 пайызында газ бар. Бірақ сол тартқан газ құбырына тұрғын үйлердің бәрі бірдей қосылған жоқ.
3000 абоненттің 1900 абоненті қосылды. 1100 абонент өз еркімен бас тартты", - дейді Жітіқара қаласының әкімі Мейрамбек Ордашев.
Газ құбырын үйге кіргізу үшін 1-1,5 млн теңгедей қажет екен. Қарапайым жұмысшы тұрғындардың бәрінің бірдей бұған шамасы келмеген.
Бір ғасырдан астам жер асты байлығын үзбей беріп келе жатқан қаланың тірлігі осындай. Кеңес дәуірі кезінде алтын мен асбесттен түскен ақшаның біраз бөлігі қала құрылысына жұмсалған. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мол байлықтың қызығын саусақпен санарлық адамдар ғана көріп отыр дейді тұрғындар.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172628-astynan-altyn-men-asbest-shygyp-zhatqan-qazaqstandyq-qala-turgyndary-auyz-su-men-gazga-nege-ali-muqtazh/