"Халқыма өтінішім бар": Талғарда кісі қолынан қаза тапқан баланың әкесі тағы да үндеу жасады (видео)
Жарияланған күні:
Талғарда қаскүнемдердің қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесі үндеу жасады. Желіде тараған видеода Қаржаубай Нұрымов істің қазіргі мән-жайын айтып, халықтан митингке шықпауын өтінді. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Қаржаубай Нұрымов өзінен бұрын отбасының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, оны белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митиңге шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.
"Құрметті қазақ елі, сіздердің алдарыңызда басымды иемін, көп-көп рахмет. Мені қолдап, балам үшін бізге атсалысып, қол ұшын беріп, көмек көрсетіп жатырсыздар. Үлкен алғысымды айтамын. Қазір Қонаев қаласында полиция департаментінен келдім, іс оң жағынан дұрыс қаралып жатыр. Халқыма өтінішім бар: ешқандай қантөгіс, митинг болмасын. Менің қағидам – заң аясында шешілсе екен", - деді марқұмның әкесі.
Сондай-ақ Қаржаубай Нұрымов алып-қашпа әңгімелерге, монтаждалған сурет-видеоларға сенбеуге шақырды.
"Ешқандай митинг, қантөгіс болмасын. Мен бар жерде шоғырланған адамдар келіп, менің дұшпандарым сол сәтті пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, ертеңгі күні мені аяқтан шалу үшін. Бауырыма қастандық жасау үшін. Сол себепті, халқым, өтініп сұраймын, ешқандай көтеріліс керек емес. Тек өзімнің ұстанымым заң аясында дұрыс шешім шыққанын қалаймын. Әділ шешім, болды, артық ешнәрсе сұрамаймын", - деді ол.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні болған. Бір топ жас арасында жанжал болып, төбелеске ұласқан. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілді, олардың бірі алған алған жарақатынан жансақтау бөлімінде көз жұмғаны хабарланған болатын.
Кейін тәртіп сақшылары күдіктілердің ұсталған сәті түсірілген кадрларды көрсетті. Жасөспірімнің өліміне қатысты іс қозғалып, 7 адам қамауға алынды.
8 қазанда Алматы облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқарып жатқанын хабарлаған.
Тілшіміз оқиға орнына барып, ауыл халқының пікірін біліп келген еді.
Авторы: Назгүл Назар
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172642-qantogis-kerek-emes-talgarda-kisi-qolynan-qaza-tapqan-balanyng-akesi-tagy-da-undeu-zhasady/