Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде кейінгі 5 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген

Жарияланған күні:

Жартытөбе ауылы
Жартытөбе ауылы. Фото: Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметі

Түркістан облысы Созақ ауданы Жартытөбе ауылында кейінгі 5 жылда бірде-бір қылмыс дерегі тіркелмеген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жартытөбе Созақ ауданы бойынша "Үлгілі ауыл" байқауының жеңімпазы атанды. Бұл байқауда ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілген. Жартытөбе ауылы ендігі кезекте облыстық деңгейде бақ сынайды.

Аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылы мектеп, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальтталып, көше жарықшамдары орнатылған. Бұған қоса толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.

Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке айналдырған.

Сонымен қатар ауылда 69 алтын құрсақты батыр ана тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар. Округ бойынша 28 азамат "Ауыл аманаты" жобасымен 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша кейінгі уақытта ауылда өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Бұл ауылда кейінгі 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.

Еске салайық, Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Қарақұр ауылының тұрғындары ішімдіктен толықтай бас тартқанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173242-turkistan-oblysyndagy-auyldardyng-birinde-keiingi-5-zhylda-birde-bir-qylmys-tirkelmegen/