"Министрдің ерекше бақылауында": ІІМ бірінші орынбасары марқұм Шерзат Болаттың өртеніп кеткен үйіне барды
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрінің тапсырмасымен бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Алматы облысындағы оқиға орнына барды. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ақпарат Ішкі істер министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланды.
"Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша мен оқиға орнына келдім. Жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен бірге Ішкі істер министрлігінің өкілдері қызмет атқаруда. Бейнежазбалар тексеріліп, куәгерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қылмыскерлер ұсталып, жауапқа тартылады. Қылмыстық іс министрдің ерекше бақылауында", - деді Бауыржан Аленов.
Айта кетейік, құқық қорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында болған өрттің видеосын жариялады. Бұл үй марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі болған.
Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ зардап шеккендердің арызы бойынша полицейлер оларды күзетпен қамтамасыз еткені мәлім болды.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
Алматы облысының әкімдігі өкілдері баспанасын өрт шалған Шерзат Болаттың отбасына үйді қалпына келтіруге көмек берілетінін, жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін оларға уақытша баспана берілетінін атап өтті.
Көп ұзамай әлеуметтік желіде Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың тағы бір видеоүндеуі тарады – ол түннен бері құзырлы орган өкілдері жүргенін, ешкімнен қорықпайтынын, елді дүрліктіріп, қан төгілгенін қаламайтынын, істің заң аясында шешілетінінен үмітті екенін айтқан.
Талғардағы Шерзат Болат қазасы
Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.
Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173441-ministrding-erekshe-baqylauynda-iim-birinshi-orynbasary-marqum-sherzat-bolattyng-ortenip-ketken-uiine-bardy/