Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешқандай митинг болмайды": марқұм Шерзат Болаттың әкесі елді дүрлікпеуге шақырды

Жарияланған күні:

Қаржаубай Нұрымов
Қаржаубай Нұрымов. Видеодан кадр: instagram.com/justice_for_sherzat

Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен марқұм Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді халықты ешқандай митингке шықпауға шақырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қаржаубай Нұрымовтың видеоүндеуі марқұм Шерзат Болаттың ісі бойынша Instagram желісінде арнайы ашылған парақшада жарияланды. Ол парақшаны іс барысымен таныстырып отыру үшін құқық қорғаушылар ашқан.

"Қазақ елі, тағы айта кететінім, 14 қазанда ешқандай митинг, қантөгіс болмайды. Әділетті сот үкімін күтемін. Тергеу жүргізіледі. Елдер келіп жатыр. Астанадан да келіп жатыр. Адвокаттар да бар. Марқұм Салтанаттың бауыры да бар. Осы жігіттер көмектесіп жатыр.

Халыққа айтарым, қолдау көрсетіп жатырсыздар, Алла разы болсын! Көп рақмет! Қазір қантөгіс, митинг, шоғырлану баламның ісінің жүруіне тоқтау болады. Сол себепті өтініп сұрайтыным, ақылды, саланы ел болуымыз керек. Бүгінгі күнді ғана емес ертеңгі күнді де ойлауымыз керек қой. Қантөгіспен ештеңе шешілмейді...

Менің қалауым – балам үшін әділ сот. Ашық, әділ сот болғанша, соңына дейін барамын. Менің мақсатым соңына дейін барамын деп, біреуді атып, біреумен төбелесу емес, жаман адамдар жаман пиғылын жасай берсін.

Одан кейін айтатаным, көңілдеріңізге рақмет, бірақ ақша жинаудың керегі жоқ. Бүгін баламның жетісі еді. Қаралы күнде ақша жасайын деп жүрген азамат емеспін", - деп мәлімдеді ол.

Айтбек Амангелді де пікір білдіріп, өрт болған жерге Саида Тәукелевамен бірге барғанын айтады. Оның айтуынша, қоғам белсенділері Ішкі істер министрлігімен және Бас прокуратура өкілдерімен сөйлескен. Сондай-ақ ол да 14 қазанда митинг болады деген ақпаратты жоққа шығарып, халықты жалған ақпараттың жетегінде кетпеуге шақырып, митинг істі тергеуге кедергі келтіретінін баса айтты.

Еске салсақ, бүгін құқық қорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында болған өрттің видеосын жариялап, үйдің түгелдей жанып кеткенін мәлімдеді. Бұл үй марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі болған.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ зардап шеккендердің арызы бойынша полицейлер оларды күзетпен қамтамасыз еткені мәлім болды.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Алматы облысының әкімдігі өкілдері баспанасын өрт шалған Шерзат Болаттың отбасына үйді қалпына келтіруге көмек берілетінін, жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін оларға уақытша баспана берілетінін атап өтті.

Көп ұзамай әлеуметтік желіде Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың тағы бір видеоүндеуі тарады – ол түннен бері құзырлы орган өкілдері жүргенін, ешкімнен қорықпайтынын, елді дүрліктіріп, қан төгілгенін қаламайтынын, істің заң аясында шешілетінінен үмітті екенін айтқан.

Министрлік басшысының тапсырмасымен ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Алматы облысындағы оқиға орнына барып, "бейнежазбалар тексеріліп, куәгерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, қылмыстық іс министрдің ерекше бақылауында екенін" мәлімдеді.

Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғардағы жағдайға байланысты жедел штаб отырысын өткізді. Әкімдік өкілдері отбасына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетіні атап өтті.

Алайда зардап шегушілердің ата-анасының баспанасы болғандықтан, әкімдік ұсынған уақытша үйден бас тартқан.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173474-eshqandai-miting-qantogis-bolmaidy-marqum-sherzat-bolattyng-akesi-eldi-durlikpeuge-shaqyrdy/