Депутат Тұрлыхановтың ұлы желідегі видеодан кейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖеліде мәжілісмен Тұрлыхановтың ұлы бас бостандығын шектеу жазасына кесілгеніне қарамастан, түнде тағы қыдырып жүр деген ақпарат тарады. Видеоға ҚАЖД өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Telegram-дағы Egov.press арнасында парламент мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы делінген ер адамның мерекелік шарада отырғаны түсірілген видео жарияланды.
"Екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Нұрасыл Болат түнде басқа қалада жайбарақат қыдырып, ойын-сауық орындарында өтетін салтанатты шараларға қатысып жүр. Ең қызығы, ол Астанада жазасын өтеп жатыр, видеоға түсірілген шара Алматыда болған" , — делінген видеоның астындағы жазбада.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі өкілдері NUR.KZ тілшісіне бұл факт бойынша сотталған адамға ескерту жасалғанын мәлімдеді.
"Бұл сотталушы бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жатыр және Алматы пробациялық қызметінде тіркеуде тұр. Пробациялық бақылауды бұзу фактісі бойынша сотталушыға ескерту жасалды. Жазаны бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру мәселесі бойынша материал әзірленіп жатыр", - делінген ведомство жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін заңгер Анна Чернова мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлаған еді. Кейін Қорғаныс министрлігі полиция жігітті тауып, қызмет орнына жеткізілгенін мәлімдеді.
Анна Чернова Тұрлыхановтың ұлына қатысты қозғалған істе жәбірленушінің бірі болып саналады.
Биыл ақпан айында Анна Чернова (Димитриевич) күйеуі екеуі қызды ұрып жатқан жас жігітті тоқтатпақ болғанда өздері соққыға жығылғанын мәлімдеген.
Кейін адвокаттар өздеріне шабуыл жасаған белгілі спортшы, қазіргі депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы екенін білген.
Сол кезде Алматы полиция департаменті бұл факт Қылмыстық кодекстің 293-бабы – "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін, күдікті әскери адам болғандықтан, іс материалдары қалалық прокуратураға берілгенін хабарлаған болатын.
Сондай-ақ оқиғаға қатысты Дәулет Тұрлыханов та пікір білдіріп, ұлының кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес жауап беретінін мәлімдеген еді.
Бұдан бөлек, оқиғаға қатысты Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев пікір білдіріп, іс бойынша шешімді сот шығаратынын, күдікті заңда белгіленген тәртіппен жазасын алатынын атап өткен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173959-deputat-turlyhanovtyng-uly-zhelidegi-videodan-keiin-bas-bostandygynan-aiyryluy-mumkin/