Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанайлық ата-аналар баласын қабырғасы опырылып түскен мектепке күрделі жөндеу жасаса да жіберуге қорқып отыр

Жарияланған күні:

Ата-аналар
Ата-аналар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай облысы Новонежнин ауылының тұрғындары қабырғасы құлап қалған мектепке қанша жерден күрделі жөндеу жасаса да балаларын жібермейміз деп отыр. Тәуелсіз сарапшылардың зерттеуі бойынша 50 жыл бұрын салынған ғимарат құрылысына сол кезде сапасыз материалдар қолданылған. Ал жергілікті аудан басшылығы мұны жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

1974 жылы пайдалануға берілген Новонежнин мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары маусым айында басталды. Ал қыркүйектің басында үшінші қабаттағы қабырғасы опырылып түсті. Мердігер компанияның бас директоры Анатолий Громченко жағдайдың осылай боларын алдын-ала білгенбіз дейді.

"Күрделі жөндеу жасардың алдында мектепті қарап шықтық. Үшінші қабаттағы жабынғы темірбетонды плиталар 15-17 сантиметрге төмен қарай жылжып кеткен. Бұл құлап түсуі мүмкін деп Әулиекөл ауданының басшыларына ескерттік. Тағы да ғимаратқа сараптамалық зерттеу жүргізуді сұраған едік. Өйткені күрделі жөндеуден бұрын қабырғалары мен төбесінің тіреуіштерін күшейту қажет болды. Бірақ өтінішімізге еш жауап болмады", - дейді мердігер компанияның бас директоры Анатолий Громченко.

Новонежнин мектебі
Күрделі жөндеуден өткен Новонежнин мектебі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Құрылысшылардың алдын-ала жасаған болжамы айтқандай-ақ орындалған. Жылжып кеткен плиталар астындағы ескі терезелерді бұзып тастағаннан кейін қабырға опырылып түскен. Ата-аналар енді мұнда қанша жөндеу жүргізсе де балаларын жіберуге үзілді-кесілді қарсы.

"Балалар темір бетонды плиталардың астында қалса не болады?! Бір бала емес, бәленбай бала жаншылып, жан тапсырады. Мектепке күрделі жөндеу жүргіземіз дейді. Мен баламды онда жібермеймін, екеуі де үйде отырады", - дейді Новонежнин ауылының тұрғыны Гүлмира Есжанова.

Мектепте 328 оқушы білім алады. Ата-аналар бірауыздан жергілікке билікке талап қойды.

"Жаңа мектеп талап етіп тұрмыз, өйткені, мына мектеп апатты жағдайда тұр. Жөндеу жасап береміз деп жатыр. Содан соң бұл ғимаратта оқу балаларға қауіпсіз дегенге сенбейміз. Өйткені, бетондардың құлап түспесіне ешкім кепіл бермейді", - дейді Новонежнин ауылының тұрғыны, көп-балалы ана Динара Сәдуақасова.

Ал Әулиекөл ауданының білім бөлімі болса алған бетінен қайтар емес. Жабынғы бетондардың құламайтынына кепілдік береміз деп отыр.

"Кепілдік бере аламыз. Өйткені сарапшылар зерттеу жасады. Соның қорытындысы бойынша ғимарат қанағаттандырылмаған күйде. Бірақ қабырғаны, плиталарды күшейткеннен кейін күрделі жөндеу жасауға келеді", - дейді Әулиекөл аудандық білім бөлімінің басшысы Досбол Құсайынов.

Мердігер компания да өз тарапынан отандық, ресейлік сарапшыларды жалдап сараптама жасатқан. Мамандар мектептің сапасыз материалдардан салынғанын анықтапты.

"Кірпіштері жобада көрсетілген маркасына сай емес, темір бетонды конструкцияларының да сапасы күмәнді деді. Мен тіпті бұл ғимараттың 50 жыл бойы құлап қалмай тұрғанына таң қалдым", - дейді құрылыс компаниясының бас директоры, мердігер Анатолий Громченко.

Тәуелсіз сарапшылардың ескі ғимараттың тозығы жеткен деген қорытындысын әкімдік елеп отырған жоқ. Олар өздері жасатқан сараптамаға сүйеніп, күрделі жөндеуді әрі қарай жалғастырмақ.

"Біз сол негіздемеге сүйеніп, бүгінгі таңда ата-аналармен жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, оған құлақ асып жатқан ата-аналар бар, біреуі түсінікпен қарап жатқан, біреуінде түсініспеушілік бар. Біз әлі де түсінік жұмыстарын жалғастырамыз", - дейді Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Таукенов.

Новонежник мектебінің күрделі жөндеу жұмысына әуелі 550 млн теңге бөлінген. Енді қабырғалары мен тіреуіштерін күшейтуге тағы қаржы қажет. Бүгінде мамандар соның жобасын жасап жатыр. Мектептегі құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталып, 1 қыркүйекте балаларды қабылдауға әзір болады деп сендірді әкім. Алайда мұнда оқушылар келе қоя ма, ол жағы әзірге белгісіз.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174086-qostanailyq-ata-analar-balasyn-qabyrgasy-opyrylyp-tusken-mektepke-kurdeli-zhondeu-zhasasa-da-zhiberuge-qorqyp-otyr/