"Энергетика министрі өзі барып, тексереді": үкімет басшысы Сарандағы жағдайға қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Үкімет отырысында Саран қаласындағы жылу беру маусымының басталуы туралы мәселе күн тәртібінен тыс қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов қаладағы жағдай бойынша тексеріс жүріп жатқанын, тексеру нәтижесі бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Үкіметтің Telegram-дағы ресми арнасындағы ақпаратқа сәйкес, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Сарандағы қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ал үкімет басшысы барлық жұмысты бүгін аяқтауды тапсырды.
"Бүгін бәрін аяқтау қажет. Бірінші кезекте, бұл – Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы.
Менің тапсырмам бойынша қазір тексеріс жүріп жатыр. Жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардардың барлығы жауапкершілікке тартылады. Осы отырыстан кейін энергетика министрі Саран қаласына барып, өзі бәрін тексереді. Тексеру нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыстың құрамы бар болатын болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысындағы Саран қаласында қала тұрғындары әлеуметтік желіде жылусыз отырғанын айтып, шағымданғанын жазған едік. Кейін Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов аталған мәселеге қатысты видеоүндеу жолдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174379-bektenov-sarandagy-zhagdai-turaly-kinalilerding-bari-qylmystyq-zhauapqa-tartylady/