Қонаевта Шерзат Болаттың ісі бойынша "жойылды" деген видео БАҚ өкілдеріне көрсетілді
Жарияланған күні:
Бүгін, 15 қазанда Қонаев қаласында Талғар қаласында кісі қолынан көз жұмған Шерзат Болаттың ісіне қатысты баспасөз мәслихаты өтіп жатыр.Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Алматы облысының аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында Талғар ауданында жасалған қылмыстың тергелу жағдайына арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Шарада ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, ІІМ тергеу департаментінің басшысының орынбасары Самат Айысов және Алматы облысының прокуроры Берік Адамов сөз алды.
Баспасөз мәслихатында полиция қызметкерлері "жойып жіберді" деген видео көрсетілді.
Ішкі істер министрінің тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Айысов видеоның әр кадрына жеке тоқталып түсіндірді.
"Ол екі шөлмек сыра, төрт қорап темекі алды. Ал мына жігіт, марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай. мына жерде ақшасын аударып жатыр. Интернетке байланысты шамалы уақыттан кейін ақша түседі. Міне көрсетіп жатыр. бірінші түскен жоқ дейді. Содан кейін барып түскен. Kaspi транзакцияларын тексердік. Бұл жерде ресми түрде дәлелденген. Артынан тағы бір бөтелке сыра алды. Оны қолма-қол ақшамен берді. Міне, 1000 теңге алып шықты. Осы жауапты күдікті адам да беріп отыр. Ал оның арғы жағында келген адамдар Талғар тұрғындары. Бәрін анықтадық. Олардан да қылмыстық іс аясында жауап алынып жатыр", - дейді ішкі істер министрінің тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Айысов.
Самат Айысовтың сөзінше, бұл негізгі фрагменттер. Ал видео өте үлкен. Ол толық алынып, ресивер бойынша сот-сараптама тағайындалған. Бейнежазба бойынша монтаж бар ма, жоқ па, бәрі тексеріледі деді ІІМ ресми өкілі.
"Кейін күдікті А. қайтып келіп, телефонын қуаттауға қоюды сұрайды. Төрт минуттан кейін ол дүкенге телефонын алуға қайта кіреді. Дүкеннің ішінде екі бейнекамера бар. Біреуі толық түсіреді. Екіншісі кассаны түсіреді. Ал үшінші камера шыға берісте тұр. Назар аударсаңыз, бұның алдында марқұм Шерзат сыртқа шығып кеткен болатын. Одан кейін телефонын алып күдікті жігіт шықты. Бұл жерде Шерзаттың әкесімен ешқандай дау болмағанын көріп отырсыздар. Ал әкесі сырттағы дауысты естіп, сыртқа шықты. Кадрда беті қанаған күдікті пайда болды. Артынан марқұм Шерзат көрінді. Әкесі күдіктіні қолынан ұстап тұрып, ұлына ескерту жасады. Әкесі дүкеннен бір бөтелке су алып шығып, күдіктінің қолына құяды. Бетін жуды.
Күдікті досына қоңырау шалады. Бұл жігіт те анықталып, күдікті ретінде танылды, қамауға алынды. Бұл жерде жігіт дүкенге кіріп, ақша түсті ме түспеді ме деп анықтап жатыр. Кейін Шерзат дүкенге кірген. Осы уақытта сыртта Шерзаттың ағасы мен сыра сатып алған күдікті адам сөйлесіп тұрады. Үшінші адам Golf автокөлігінің ішінде отырады. Үшеуі дүкеннен шығып бара жатқанда Шерзаттың әкесі бірзат алып шығады. Сол қолында бір зат, пышаққа ұқсас зат бар. Оған қатысты сараптама тағайындадық. Нақты не зат екенін анықтаймыз", - деді Самат Айысов.
Одан кейін сыртта тұрған бейнекамерадағы жазба түсіндірілді. Кадрда Шерзаттың әкесі, өзі, сондай-ақ, сыра сатып алған жарақат алған күдікті мен Шерзаттың ағасы және көлік ішіндегі адам байқалады.
"Осы жерде Шерзат әкесін тоқтатып жатыр. Күдікті олардың соңынан дүкеннен шықты. Екі жігіт келген. Біреуі автокөлік ішінде, екіншісі келіп не себептен ана бала жарақат алғанын анықтап жатыр. Сосын дүкенге кіріп, аударым түскен-түспегенін тексеріп жатыр. Сол кезде қыздар да келді. Келген үш жігіт анықталды. Осы кезде әкесі қолына тағы сол затты алып сөренің артынан шықты. Сыртта күдіктілердің достары келіп тұрған. Ол жігіттер де күдікті ретінде танылды. Бәрінен жауап алынды", - деді ІІМ тергеу департаменті басшысының орынбасары.
Айта кетейік, ішкі істер министрлігінің орталық аппаратының тергеу-оперативтік тобы бірінші орынбасардың жетекшілігімен жұмыс істеп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174418-qonaevta-sherzat-bolattyng-isi-boiynsha-zhoiyldy-degen-video-baq-okilderine-korsetildi/