"3,5 млн теңге айыппұл салынған Lexus, қызметтік автокөліктер": полицейлер Ақтөбедегі айыптұрақты көрсетті (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбедегі жаңа камералар жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзғандарды әшкерелеп жатыр. Қаладағы айыптұраққа күнделікті 20-30 автокөлік әкелінеді. KAZ.NUR.KZ тілшісі сол жерден фоторепортаж ұсынады.
Ақтөбе облысының полиция департаменті айыптұрағына әкелінген көліктерді көрсетті. Себеп - жол апаттарының алдын алу. Полиция мәліметінше, Ақтөбе өңірі жол апатының тіркелуі бойынша елімізде үшінші орында тұр.
Полиция Ақтөбе қаласында 16 тамыздан бастап іске қосылған 66 камераның жұмысын баяндады. Жол қозғалысы ережесін бұзып, жылдамдықты шамадан асырғандар камера көмегімен айыппұл арқалап жатыр.
"35 млн теңге қарызы бар шетел мемлекетінде тіркеуде тұрған 42 автокөлік анықталып, арнайы тұраққа қойылды. Айыптұрағына күнделікті 20-30 көлік әкеледі. Иесі қашан алып кетеді, соған дейін тұрады. Қазіргі уақытта мыңнан астам көлік тұр. Айыптұрағының ашылғанына 5 жыл болды. Көлемі үлкен. Жол-көлік оқиғасынан кейін жарамсыз болған көліктер көбіне ұзақ тұрып қалады. Сараптама тағайындалады. Алып кетпейді. Автотұраққа 3 мыңға дейін автокөлік сыяды. Көліктер көбейіп жатыр", - деді Ақтөбе қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Мирхан Есенжолов.
Полицейлер бір айда 119 рет жол ережесін бұзып, 3,5 млн теңге айыппұл салынған Lexus көлігін де көрсетті.
"Lexus автокөлігі Армения тіркеуінде тұрған. Сол 100-ден астам құқықбұзушылық жасап, жылдамдықты арттырған. 3,5 млн теңге айыппұл салынды. Заң бұзушылықтар 16 тамыздан бастап тіркелді. Қалай бейнекамера қосылды, содан бастап бұл көлік 119 рет жол ережесін сақтамаған. Көлік иесі ақтөбелік тұрғын. Әйел адам. Қазіргі уақытта айыппұл төлеп жатыр. Шетелдік көліктердің тізімі жасалды, қызметкерлер үшін олар туралы ақпарат берілді. 100-ден астам шетелдік көлік тізімге алынды. Әрқайсысы енді бақылауда болады. Екі рет заңбұзушылық тіркелсе, шетелдік көлікті жүргізген адамды, көлікті іздейміз. Олардың бәрі жол ережесін біледі. Айыппұл төлесе, көлігін алып кетеді. Камера 70 км/сағ тіркейді. Қазір қай көлікті кім жүргізіп жүргенін біліп отырамыз", - деді Мирхан Есенжолов.
Ақтөбедегі айыппұл тұрағынан әртүрлі көлікті көруге болады. Қымбат көліктер де аз емес. Скутерлер мен мопедтер де қаз қатар тізіліп тұр. Жол апатынан кейін жеткізілген көліктердің де көп екенін көруге болады.
"Жүргізушілер мас күйінде көлік жүргізеді, жүргізуші куәлігі болмаса да рульге отырады, Жүргізуші куәлігінен айырылғандар да бар. Жедел алдын алу кезінде 7 және одан да көп адам тасымалдап жүрген көліктер анықталады. Қазіргі кезде қала сыртында жол-көлік оқиғасы көбейді. Көлікті тоқтатып, жүргізушілеріне жол ережесін бұзбау түсіндіріледі. Қымбат маркалы машиналар бар. Қызметтік көлік те болып тұрады. Көп емес. Жүргізушілері масаң күйде түсіп қалғандар бар", - деді Мирхан Есенжолов.
Екі айға жуық уақыт ішінде бейнекамера көмегімен Ақтөбеде 58 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталған. Оның ішінде 4 мыңға жуығы жылдамдық режимін бұзғандар және 400-і шетелдік тіркеуде тұрған автокөлікке қатысты құқық бұзушылық.
Полицейлер 15-17 қазан аралығында қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында "Тасымалдаушы" профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатқанын хабарлады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174762-bir-aida-3-5-mln-tengge-aiyppul-salyngan-lexus-qyzmettik-avtokolikter-aqtobelik-politseiler-qaladagy-aiypturaqty-korsetti-foto/