"21 жастағы, өмірді әлі көрмеген бала": депутат Тұрлыханов басы дауға қалған ұлы туралы пікір білдірді
Жарияланған күні:
Мәжіліс отырысының алдында журналистер депутат Дәулет Тұрлыхановтан ұлы неге даулы оқиғаға тап бола беретінін, шартты мерзім алып, жазаланғанына қарамастан, неге қыдырып жүргенін сұрады. Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов осы жайтқа пікір білдіріп, ұлына алаңдайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Депутат ұлын тәрбиелі бала деп есептейтінін, үнемі әңгімелесіп, ақылын айтатынын жеткізді.
"Айтайын дегенім, қай әке баласын жаман болсын деп тәрбиелейді?.. Қолдан келгенше тәрбие бердік, ақылымды айтып жүрдім. Бала бірақ жақсы бала. Бірақ мен үшін бе, білмеймін, баланың артынан аңду бар. Туған күнге баруға болмай ма? Өзінің жасындағы достарымен араласуға болмай ма? Сол жағы да мен қатты ойландырады", - дейді депутат.
Сонымен қатар ол баласының әрекеттері бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға негіз бола алмайды деп санайтынын айтты.
"21 жастағы бала әлі. Енді қалай айтуға болады? Өмірді әлі көрмеген бала. Оны бас бостандығынан не үшін айыру керек ? Сағат кешкі 20.30-да әріптестерімен отырған ғой. Ішіп отырған жоқ ол жерде. Ол бала ішпейді. Өйтіп бірден түрмеге қамайтын болсақ, онда ол дұрыс болмайды. Ол тәрбие емес", - деді депутат.
Сондай-ақ депутат ұлының денсаулығына алаңдайтынын атап өтті.
"Шын айтайын, күн сайын жазады. Телефонда бәрі жазып жатыр. Біреу жақсы айтса, біреу жаман айтып жатыр. Ол бала да ойланады. Ол балаға жаным ашып жүр. Ұйқысы жоқ", - дейді мәжіліс депутаты.
Еске салсақ, бұған дейін депутаттың ұлы Нұрасыл Болат пробациялық бақылауды елемегені үшін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174868-21-zhastagy-omirdi-ali-kormegen-bala-deputat-turlyhanov-basy-dauga-qalgan-uly-turaly-aitty/