Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен күдіктіге қатысты мәлімет жарияланды
Жарияланған күні:
Алматы облысының полиция департаменті Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен зорлау бойынша күдіктінің жеке мәліметтерін жариялады. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
"Алматы облысы полиция департаменті уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен 30.05.1998 жылы туылған Бекарыс Сәбитұлы Қалмырзаевқа іздеу саламыз.
Егер сіз іздеуде жүрген адам туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, келесі телефондар арқылы дереу полицияға хабарлауды сұраймыз: +7 727 727 90 44, +7 777 427 2915, +7 778 900 02 55 немесе 102", - делінген хабарда.
Айта кетсек, бұған дейін Алматы облысында зорлық жасады деген күдікті изолятордан қашып кеткені туралы ақпарат пайда болған еді.
"Уақытша ұстау изоляторынан зорлау жасады деген күдікпен қамауда отырған азамат К. қашып кетті. Осыған байланысты "Сирена" жоспары енгізілді. Негізгі жолдарға блокбекеттер қойылып, қашқынды іздеп табу және ұстау үшін барлық күш пен құралдар жұмылдырылды", - делінген ПД өкілдерінің KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген жауабында.
Сонымен қатар қашу жағдайын анықтау үшін қызметтік тексеру тағайындалған.
Жағдай облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында екені айтылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2177244-talgardagy-uaqytsha-ustu-izoliatorynan-qashyp-ketken-kudiktige-qatysty-malimet-zhariialandy/