"Дәретхананы 80 жастағы апа жуады": Нұрлан имам мешітте тазалық сақтамайтындар туралы айтты
Жарияланған күні:
Танымал имам Нұрлан Байжігітұлы Ақтөбеде өткен жастар форумында сөз сөйлеп, көпшілік алдында өскелең ұрпақтың тәрбиесі туралы сөз қозғады. Дін қызметкері жасөспірімдерге Димаш Құдайбергеновті үлгі етіп, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды. Ал жергілікті құқық қорғау органдары өкілдері өңір жастары арасындағы қылмыс туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Нұрлан Байжігітұлы Ақтөбеде өткен "Адал ұрпақ" форумында сөз сөйледі. Ол өскелең ұрпаққа Димаш Құдайбергеновті үлгі етіп, тіпті Меккеде әншімен қалай мақтанғанын айтты.
"Баланың салиқалы, білімді болғаны қандай жақсы. Меккенің өзінде мақтанамын, "қайдан келдің" дегендерге Димашты айтсаң "өлең айтпа, өлең харам дейтіндердің өзі Димашты жақсы көреді екен. Жеті октаваны қойып тұрып ән айтатын адам әлемде санаулы. Сондай өнерлі адам сіздердің араларыңызда да болуы мүмкін. Саксофон үрлейтін жақсы өкпені электронды темекімен өлтіріп жатырмыз немесе насыбай. Оны президентке дейін айтып кетті", - дейді имам.
Сондай-ақ Нұрлан Байжігітұлы мешітке келушілердің арасында тазалық сақтамайтындар туралы айтты.
"Дәретханада тазалық сақтамайды, түкіріп жатады. Соны біздің мешітте 80 жастағы апа жуады. "Апа жиіркенбейсіз бе" деп сұрағанымда "жоқ мен бұдан жиіркенбеймін, мен осыны істеген адам құдайға қалай жалбарынады екен , содан жиіркенемін" деген. Қазақтар бір-біріне қол көтермейді, суды ішіп, ыдысын лақтырмайды, кез-келген жерге түкірмейді, автобусқа үлкен кісі кіргенде ұйықтап қалмай орын береді. Сәл шаршап ұйықтап қалатындар бар. Ештеңе етпейді, олар солай өтіп кетеді. Бізде де мешітте кейбір кісілер ескі туфли киіп келеді, қайтарда байқамай біреудің жаңа аяқ киімін киіп кетеді. Байқамай. Сондай болады. Қой ақсағымен жүз. Бірақ қылмысқа, абыройсыздыққа бармауымыз керек. Қазақты үш-ақ ауыз сөз тәрбиелеген. Ұят болады, обал болады, жаман болады. Жаман боладыдан аулақ болыңыздар", - деді Нұрлан имам Байжігітұлы Ақтөбеде өткен жастармен кездесуде.
Форумда сөз алған қалалық прокуратура басшысы Берік Қыдырәлінің айтуынша, Ақтөбеде жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасында 53 қылмыстық іс тіркелді. Ал кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 92-ге жеткен.
"Қазіргі таңда ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыс жасаған 9 кәмелетке толмаған жасөспірім уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Бұл дегеніміз заң бәрімізге ортақ. Жас деп қарамайды. Қылмысты білместікпен жасадым деп қылмысқа барған жастарға жауапкершілік көзделген. Қылмыс жасауға бармас бұрын ойлану қажет", - деді Ақтөбе қалалық прокуратура басшысы Берік Қыдырәлі.
Прокурор заң талабына сәйкес 14-46 жас аралығында жасөспірімдер қылмыстық жауапқа тартылып, сотталуы көзделгендігін еске салды.
Құқық қорғау қызметкерлері келтірген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері қалада полиция бөлімдеріне 3200-ден астам кәмелетке толмаған жеткізілді. Оның ішінде 2 мыңнан астамы әкімшілік құқықбұзушылық жасағандар.
"Қылмыстық құқықбұзушылықтан басқа синтетикалық заттар, яғни, есірткі тұтынатын жастардың көбеюі. Ескірті заттарын заңсыз сақтау, сату және пайдалану дерегімен 6 жасөспірім жауапқа тартылды. Нашақорлар әлеуметтік желі арқылы емін-еркін сатуда. Бәс тігетіндер де бар. Спорттық ойындарға, ойын автоматтары мен ұялы телефон арқылы бәс тігетіндер өте жоғары. Бір-ақ рет ойнаймын деп, тәуелді болып қалады", - деді Ақтөбе қалалық полиция басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Ақтөбеде өткен жастармен кездесуде кинологтардың жұмысы, абақтыда отырған жасөспірімдердің өкініші туралы да айтылды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2177778-darethanany-80-zhastagy-apa-zhuady-nurlan-imam-meshitte-tazalyq-saqtamaityndar-turaly-aitty/