"Нұрболат Абдуллин, Есен Елеукен, Қайнар Алагөзов": Ақтөбеде өнер жұлдыздары жасөспірімдермен кездесуге келді
Жарияланған күні:
Ақтөбеде өнер жұлдыздарының қатысуымен жасөспірімдер тәрбиесі, қауіпсіздігі және әлімжеттік пен буллингтің алдын алу бағытындағы форум өтті. Жасөспірімдерге тәрбиенің білімнен де маңыздырақ екені айтылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ақтөбе облысында жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 40-қа жуық қылмыс тіркелген. Оның ішінде алты оқушы уақытша тергеу изоляторына қамалған. Жеті оқушы бопсалаумен айналысқан. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігі мен Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен "Жастық. Жігер. Болашақ" атты жастар форумында айтылды.
Кездесуде сөз алған Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіповтің айтуынша, жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп тұр. Әсіресе есірткі тарату, буллинг, әлімжеттік бойынша жауапқа тартылғандар көбейген.
"Жасөспірімдер сенгіш. Қылмыскерлер, арам пиғылды адамдар жасөспірімдерді қылмысқа баулып жүр. Есірткі адамдарды ұрлыққа, зорлық-зомбылыққа, қылмысқа итермелейді. Отбасын бұзады. Көбіне жазатайым оқиғаларға әкеледі. Ақша табудың бұл әдісі ауыр зардапқа әкеледі. Мектеп, колледж, оқу орындары арасындағы буллинг, бопсалау, әлімжеттік туралы да айтқым келеді. Биыл буллингтен екі оқушы қайтыс болды. Кінәлілер қазір тергеу абақтысында. Оқу орындарында бопсалаумен айланысқан жеті оқушы мен студент қамауға алынды. Ондайлар көбінесе өзін көрсету үшін қылмыстық жолға түсіп жатады. Жасөспірімдер ата-аналарын ұмытып, еліктеп кетеді. Әркім өзі үшін жауап беретінін түсінбейді. Ашудың соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескермейді. Сізді жақсы көретін, сізге сенетін ата-аналарыңызды, жақындарыңызды бағалаңыздар, құрметтеңіздер", - дейді Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов.
Ақтөбеде өткен жастар форумына арнайы парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев, КВН жүргізушісі Есен Елеукен, әнші Нұрболат Абдуллин, ақын Қайнар Алагөзов және актер Артур Төлепов шақырылды. Өнер иелері оқушылар мен студенттерге өмірінен естелік айтып, ақыл-кеңесін берді.
"Мен осы Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шетырғыз ауылының тумасымын. Ауылда жүргенде қой бағып далада жүргенде көп армандайтынбыз. Әлі күнге дейін армандаймыз. Қазір жасап жатқан жұмыстардың бәрі сол армандардан туындаған. Армандай беріңіздер. Арманның жолында жүру керек, арман алдамайды. Ой, идея, әрекет, шыдам болса, соңында нәтиже шығады", - деді Есен Елеукен.
Форумға қатысқан әнші Нұрболат Абдуллин де жасөсіпірімдерге түзу жолдан таймауды өсиет етті.
"Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылында дүниеге келдім. Қой, түйе бағып, сиырдың артынан жүгіріп өстік. Қырға шығып, бағып жүрген қойларыма концерт беретінмін. Көзімді жұмып, аспанға қарап, осындай көп көрерменім болса деп армандадық. Шүкір, ел алдында шықтық. Денсаулық, өмір, жұмыс, мамандық өзіңе ғана керек. Мен де жас болдым. Қазір де қартайып бара жатқан ештеңем жоқ. Әлі де іздену үстіндемін. Тағы неге қол созуға болады деп ізденемін. Сіздердің де өз жолдарыңызға жауапкершілікпен, үлкен жігермен келулеріңізді тілеймін", - деді әнші Нұрболат Абдуллин.
Ал Қайнар Алагөзов балалық шағынан естеліктерді өлең шумақтарымен айтып, жастарды жігерлендірді.
"Осы форумға шақырғанда не айтамын деп ойладым. Қорлық деген сөздерді тізіп көрдім. Ішінде оңғаны жоқ. Бәрі қорлық екен. Нашақорлық, жемқорлық, бәлеқорлық, зинақорлық, парақорлық. Осылардың ішінде ең дұрысы - еңбекқорлық екен, бауырлар", - деді Қайнар Алагөзов.
Сондай-ақ кездесу барысында жасөспірімдер тәрбиесі, отбасындағы және қоғамдағы баланың орны, бала қауіпсіздігі, суицид пен буллингтің алдын алу тақырыбындағы қойылымдар көрсетілді.
"Ақтөбе облысы бойынша әрбір төртінші азамат - жас буын өкілі. Әбу-Насыр әл-Фараби адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек дейді. Ал тәрбиемен берілген білім - өлшеуі жоқ қазына. Сондықтан ең бірінші тәрбие маңызды. Нашақорлық, вандализм, қатыгездік, бұзақылық әрекеттерден аулақ болу керек. Ел болашағының тұғырлы болуы жастардың қолында. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, солардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық", - деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Айта кетейік, форумға Ақтөбе қаласындағы мектептер мен коллежден 1000 жуық кәмелет жасқа толмаған жасөспірім және аудандық білім беру ұйымдарының 2000-нан астам оқушысы онлайн форматта қатысты.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180202-nurbolat-abdullin-esen-eleuken-qainar-alagozov-aqtobede-oner-zhuldyzdary-zhasospirimdermen-kezdesuge-keldi/