Ескі көліктерді қабылдайтын орын жоқ: Экология министрлігі жаңа бағдарлама әзірленіп жатқанын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Ескі көліктерден құтылғысы келетін қазақстандықтар оларды тапсыратын орын жоқ екеніне шағымданды. Экология министрлігі жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "31 арна".
Телеарна тілшілері мәліметінше, жаңа көлікті сатып алғанда, иесі қайта өңдеу үшін төлем төлеуге міндетті. Дегенмен, елде ескі көліктерді қабылдайтын пункттер жоқтың қасы, ал сол орындардың жұмысы үлкен мәселе.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазір көліктер мен ауылшаруашылық техникаларын қайта өңдеу бойынша жаңа бағдарлама әзірленіп жатқанын хабарлады. Қара металдарды өңдеумен айналысатын кез келген кәсіпкерлік субъектілеріне бір кәсіпорынның монополиясынсыз бағдарламаға қатысуға рұқсат беру ұсынылып отыр.
"Қарағанды облысындағы зауыт жұмыс істеп тұр, оны жеке инвесторлар алды, соған ақша салып жатыр, бірақ мәселе заң шығаратын жүйеде. Қалдықты өңдеу бір қолдан екінші қолға өту сатысында тұрып қалды. Ал Қостанай облысындағы зауытқа келсек, ол да бірте-бірте жекенің қолына өтеді", - деді "Ортақ жол" жол қауіпсіздігі бірлестігінің президенті Арсен Шакуов.
Экология министрлігінің жаңа бағдарламасына сәйкес, ескі көлікті сынықтарға беру кезінде автокөлік иесі жаңа отандық автокөлікті сатып алу үшін жеңілдік сертификатын немесе ақшалай өтемақыны таңдау мүмкіндігіне ие болады.
Жеңілдік сертификаты Қазақстанда өндірілетін және сатылатын экологиялық таза көлікті немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде жеңілдік алуға құқық беретін құжат екені түсіндірілді. Жеңілдік сертификаты берілген күннен бастап бір жыл бойы жарамды.
Экология министрлігі бағдарламаның нақты қашан іске қосылатынын әзірге жариялаған жоқ.
Қабылдау пункттерінің тізімі және олардың орналасқан жері нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғаннан кейін "Жасыл даму" операторының ресми сайтында жарияланады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180456-zharamsyz-kolikterdi-qabyldaityn-oryn-zhoq-ekologiia-ministrligi-zhanga-bagdarlama-azirlenip-zhatqanyn-malimdedi/