"Пайда түспесе, ондай шығындардың қажеті қанша": Ринат Зайытов ұлттық фильмдерді қолдауға бөлінген қаржыны сынға алды
Жарияланған күні:
Бүгінгі мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов 2025 жылғы бюджетте ұлттық фильмдерді қолдауға 3,7 млрд теңге қарастырылғанын алға тартып, ұлттық фильмдерді қолдауға бөлінетін қаражат төңірегінде депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Депутат сауалын мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға қарата қойды.
"2025 жылғы бюджетте ұлттық фильмдерді қолдауға 3,7 млрд теңге қарастырылып отыр, аударманың өзіне 1 миллиардтан астам (қарастырылған – ред. ескертпесі). 2024 жылы қанша ұлттық фильм елге жетті, одан қанша пайда түсті? Егер одан ешқандай пайда түспесе, елге жетпесе, ондай шығындардың қажеті қанша?" - деді Зайытов.
Бұл ретте мәдениет және ақпарат министрі биылдан бастап іріктеу ережесі түбегейлі өзгергенін атап өтті.
"2025 жылдың нәтижесін бірге көрейік. Ал 2024 жылға келер болсақ, бізде осы жылдың соңына дейін, ендігі жылы 13 киножоба прокатқа шығарылады. Оған қоса 2 документалды фильм және 3 анимациялық фильм прокатқа шығады. Бұл ретте бұған 3 миллиардтан астам қаражат бөлінді.
Айта кететін жайт, бұрын нақты жобаларды алатын болсақ, биылдан бастап іріктеу ережесі түбегейлі өзгертілді. Сондықтан біз жобаларды емес, сценарийлер байқауын өткіздік, сол байқаулар нәтижесінде шығатын туындылар. Бұл бұқара халыққа жақсы жаңалық болады деген сенімдемін", - деді Балаева.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180580-paida-tuspese-ondai-shygyndardyng-qazheti-qansha-rinat-zaiytov-ulttyq-filmderdi-qoldauga-bolingen-qarzhyny-synga-aldy/