Ақтауға ұшпақ болған Fly Arystan ұшағы екі рет Атырауға оралды
Жарияланған күні:
Ақтауға ұшпақ болған FlyArystan ұшағы ауа райының қолайсыздығына байланысты екі рет Атырауға оралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ әуекомпанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Атырау — Ақтау бағыты бойынша KC7277 рейсі 2024 жылғы 2 қарашада сағат 06:40-та ұшуы жоспарланған болатын. Алайда әуекомпания Ақтау қаласындағы ауа райына байланысты рейсті кейінге шегеруге мәжбүр болды.
Әуекомпания өкілдеріне жүгінген жолаушыларға сусындар, ыстық тамақ және қонақ үйге орналастыру ұсынылды. Барлық жолаушы билет құнын толық қайтару немесе тегін қайта брондау мүмкіндігіне ие болды.
Ақтау — Ыстамбұл тоғысу рейсін жіберіп алған жолаушылар да толық қайтарым немесе тегін қайта брондауды рәсімдей алады", - делінген FlyArystan Telegram-дағы арнасында.
Әуетасымалдаушының мәліметіне сүйенсек, рейс 2 қараша сағат 21:50-де орындалған. Ақтау қаласындағы ауа райына байланысты (атап айтқанда, қатты тұман және тиісінше көріну деңгейі ең төменгі деңгейден төмен болуына) ұшақ қона алмаған. Осылайша Атырау қаласына оралу туралы шешім қабылданды.
"Екінші рет рейс 2024 жылғы 3 қараша сағат 06:50-де орындалды, бірақ Ақтау қаласындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақ Атырауға қайта оралды. Кідірістер кезінде жолаушыларға сусындар мен ыстық тамақ, сондай-ақ сұраныс бойынша қонақ үйге орналастыру және тұрғын үй жалдау құнын өтеуге кепілдік хаттар берілді. Қазіргі уақытта рейстің жоспарланған ұшу уақыты — 17:30", - делінген компания хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2182304-aqtauga-ushpaq-bolgan-fly-arystan-ushagy-eki-ret-atyrauga-oraldy/