"Талғарлық ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісінің" ұсталуы: полицейлер жаңа мәліметтер айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлматы облысының полиция департаменті өкілдері "талғарлық ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі" делінген азаматтың ұсталуына қатысты жаңа мәліметтер айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бүгін таңертең әлеуметтік желілерде "талғарлық Хасанның" ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды.
Алматы облысының полиция департаменті өкілдері түсініктеме бере отырып, ұсталған ер адам азамат А-ның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, ұрлады деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Кейін полицейлер істің кей мән-жайын ашты. 2021 жылдың маусым айында азамат А-ның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікпен бес күдікті ұсталған. Сот оларды тағылған айып бойынша кінәлі деп тапты. Қазір бесеуі де жазасын түрмеде өтеп жатыр.
"2021 жылғы маусымда А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, сол кісіні ұрлады деген күдікпен бес азамат ұсталған. Оларды Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты соттап, қазіргі уақытта жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жатыр.
Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде, жоғарыда аталған қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 2024 жылғы 2 қарашада Қ. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстардың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілген.
Ведомсто өкілдерінің сөзінше, тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Бірақ ПД өкілдері бұл ақпарат "Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық тобын басқарады делінген Хасан Қасымбаевқа қатысы барын нақтыламады және жоққа да шығармады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне Хасан К. жетекшілік ететін "Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы болуы мүмкін деген ақпарат пайда болды. Бұған дейін Алматы облысы ПД басшысы қызметін атқарған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов бұл деректерді жоққа шығарып, "Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық тобы жоқ екенін айтты.
"Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық тобына келетін болсақ, бізде мұндай атпен тіркелген бірде-бір топ жоқ", - деген еді Әленов.
Айта кетейік, бүгін мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғардағы Шерзат Болат қазасына қатысты қозғалған істі тергеу барысы жөнінде пікір білдіріп, марқұм болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс жоқ екенін атап өтті.
Сондай-ақ бұған дейін Шерзат Болат өліміне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша тергеліп жатқаны мәлім болған еді.
Талғардағы Шерзат Болат қазасы
Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.
Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.
Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
Бұған дейін Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков пен әкімнің орынбасары Матан Сағындық қызметінен босатылғаны хабарланған еді.
Айта кетейік, Талғардағы атышулы оқиға Шерзат Болаттың өлімінен кейін Талғар ауданында тағы бірнеше шенеунік жазаланғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2182602-talgarlyq-uiymdasqan-qylmystyq-top-zhetekshisining-ustaluyna-qatysty-politseiler-zhanga-malimetter-aitty/