Қостанай облысында 10 ай бойы жалақы алмаған ауыл шаруашылығы мамандары жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Қостанай облысындағы "Заречное" ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы" ЖШС-нің 200-дей жұмысшысы 10 ай жалақы алмаған. Кейбірінің қарызы үшін газы мен жарығын өшіріп тастады. Аудан әкімдігі де бұл мәселені жоғары жаққа қанша айтқанмен шеше алмаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Заречное" ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы" ЖШС еңбеккерлерінің шыдамдылығы мен табандылығы таң қалдырады. Қаңтар айынан бері жалақысыз жүрсе де, көбісі жұмыс орынын тастап кетпеген.
250 еңбеккердің 100-ге жуығы кетіп, 150 қалған. Мамандар малдың тұқымын асылдандырып, дәнді-дақылдың жаңа тұқым сорттарын шығарумен айналысады. Сондай-ақ 20 мың гектар астам жерге астық егеді, 300-ге жуық ірі қара ұстайды.
"Зығыр, рапс, соя секілді майлы дақылдардың жақсы тұқымдық сұрыптарын шығардық. Жақында "Қостанай-Нұр деген шемешкінің тұқымын жасадық. Жалақы төлемесе де жұмыс істеп жатырмыз. Мамандығым ұнайды. Үйреніп қалған жұмысым. Әрі зейнеткерлік жасқа таяп қалғанда қайда барамыз?!
"Жыламаған бала емшек бермейді" демекші әбден өтірік уәдеге тоған соң, мұңымызды айтайық деп енді бас көтеріп жатырмыз. Қаңтар айынан бері жалақы көрген жоқпыз. Жыл аяқталады әлі жоқ", - дейді "Заречное тәжірибе станциясы" ЖШС аға ғылыми қызметкері Зейнегүл Ағыбаева.
"Заречное" кәсіпорыны 1962 жылы құрылып, өңірдегі маңдай алды өнеркәсіп ошағы болатын. Бұл кәсіпорын 2015 жылы Президент тапсырмасына сай құрылған "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының" құрамына енген.
Серіктестік басшысын осы орталық тағайындайды. Елдің агро өнеркәсібіне инновациялық серпін беруі тиіс тәжірбиелік станция қарыздан көз аша алмай, мүшкіл халге түсті. 2021 жылы кәсіпорын басына Рүстем Молдатаев келгелі, серіктестік қарызға белшеден батқан.
"Мен мұнда 23 жыл бұзауларды бағушы болып істедім. Биыл тамыз айында жалақы бермеген соң жұмыстан шығып кеттім. Күнде келіп "қашан бересіз" деп басшыдан сұраймыз. Әне-міне деумен жүр. Сауыншылар қарызға белшеден батты, тіпті біреуінің қарызы үшін жарығын, газын өшіріп тастады. Суық, қараңғы үйде отыр", - дейді "Заречное тәжірибе станциясы" ЖШС бұрынғы жұмысшысы Лязат Бисенова.
Кәсіпорын күніне 2,5 тоннаға жуық сүт тапсырады. Биыл да егін бітік шықты. Соған қарамастан жалақымен есеп айырысуға басшы ақша таппай жүр.
Кәсіпорынның егін мен сүт, мал тапсырудан тапқан табысы дебиторлық қарыздарын жабуға жұмсалып жатқан көрінеді. Сондықтан "жалақыға кәсіпорын сиырларын алыңдар" депті серіктестік басшысы.
Жақында 28 бас сиырды сатқан. Арасында күні кеше төлдегендері де бар. Бұзаулар қорада қамаулы тұр. Олардың қарайтын малшылар жоқтың қасы. "Сүтсіз, аш-құрсақ төлдер арам қатады" дейді Лязат Бисенова.
Көктемде елдің соңынан шығып, әупірімдеп еккен егін де толық орылмай қалған. Маңдай термен еккен арпа қарда жатыр. Масақ дәнін шашып жіберген, енді теруге жарамайды.
Жұмысшылар тәжірибе станциясының басшысы Рүстем Молдатаевтың өзіне тиесілі жеке егін шаруашылығы бар дейді. Ашық дереккөздерде бұл кәсіпорын Альмира Молдатаеваның атында. Күзетші болып істеген Константин Мазеевтің сөзінше, ол станцияның техникасын жекеменшік шаруаларына да қолданған.
"Тәжірбие станциясында "John Deere" комбайнының екеуі бар. Соның бірін өзінің Урицктегі шаруашылығына алып кетті, біреуімен әрең деп астық жинады. Солярка, қосалқы бөлшек жоқ деп созып жүргенде қыс болды. Егістіктің 70 пайызы орылмай қалды", - дейді "Заречное тәжірибе станциясы" ЖШС бұрынғы күзетшісі Константин Мазеев.
Еңбек инспекциясының мәліметінше кәсіпорын 2021 жылдан бері осылай еңбекақыны уақытылы бермей жүр. Тәуекелі жоғары кәсіпорындар қатарында.
"Биыл 4 рет тексеріс жүргіздік, 4 рет айыппұл салдық. Айыппұл көлемі 700 мың теңге шамасында. Былтыр да 3-4 рет тексергенбіз", - дейді Облыстық еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Ерлан Темірхан.
10 ай жалақысыз жүрген жұмысшылардың қамын ойлаған шенділер бүгін кәсіпорында бас қосты. Аудан әкімінің орынбасары «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына» жұмысшылар жалақысыз жүр деп 4 рет хат жолдағанын айтады.
"Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына", Ауыл шаруашлығы министрлігіне аудан тұрғындары бірнеше айдан бері жалақы алмай жатыр, осыған орай осы мәселені үшін тезірек шара қолдансаңыздар деп бірнеше рет хат жаздық. Аудан атынан, тіпті облыстық әкімдіктің атынан да жібердік. Бірақ әлі дұрыс шара қолданылмай жатыр", - дейді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әбішев.
Жұмысшылар шу көтергеннен кейін ғана тәжірбиелік станцияның иесі "Ұлттық аграрлық орталық" бұл мәселеге бет бұрып, әдейіліп Астанадан өкілін де жіберген. Еңбекақыға жиналған 250 млн теңге қарыздың 125 млн қараша айының 25-іне дейін жабатын болып келісті.
Ақшаны егінді өткізу арқылы жинауы тиіс. Ал тәжірибе станциясының басшысы жұмған аузын ашпады. Рүстем Молдатаев тілшілерге сұхбат берер кезде "қан қысымым көтерілді, инсульт алған едім" деп кабинетін тастап шығып кетті.
Аудандық әкімдіктің мәліметінше, бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс комиссиясы құрылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2185247-qostanai-oblysynda-10-ai-boiy-zhalaqy-almagan-auyl-sharuashylygy-mamandary-zhanaiqaiyn-aitty/