Тәттілер: тауар таңбаламасынан қандай ақпараттар алуға болады
Жарияланған күні:
Сөрелерде тауарлардың түрі күн сайын артып келеді және импорттық өнімдерге қолжетімділік бұл шексіз болып көрінеді, осы кезде тұтынушылардың өнім таңбаламасын түсіну мүмкіндігі ерекше өзекті бола бастайды. Өнімдерге таңбалама – тек жапсырмадағы мәтін жолдары ғана емес, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі туралы маңызды ақпарат көзі. Сондықтан оған назар аудару саналы таңдаудың кілті болып саналады, бұл, әсіресе, тұтынушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды, деп хабарлайды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі.
2024 жылдың маусым-қазан айлары аралығында әлеуметтік жоба аясында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің құқыққорғаушылары Қазақстанда сатылатын өнімдердің сапасына мониторинг жүргізді: жасырын сатып алушы әдісімен олар әртүрлі тауарларды сатып алып, аккредиттелген зертханалармен тауарлардың қауіпсіздік стандарттарына, оның ішінде таңбалама талаптарына сәйкестігін тексеру және азаматтарды ықтимал қауіптер жайынан хабардар етуде бірлесе жұмыс жасады.
Мониторинг Қызылордада да жүргізілді: қаланың әртүрлі сауда нүктелерінен танымал тәттілер: мүкжидек пен кешью қосылған рахат-лукумы, қара өрік салмасы бар "Milk Chocolate Plum Nougat" шоколады, "Magic Honey" табиғи гүл балы және "Strong" ассорти тәтті желесі сатып алынды. Бұл өнімдер Қызылорда облысы бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалына жіберіліп, олардың қауіпсіздігіне тексеру жүргізілді. Зертханалық зерттеулер барлық үлгінің МемСТ және Кеден одағының "Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келетінін растады.
Дегенмен төрт үлгі де "Тағамдық өнімдердің таңбаламасы" техникалық реттеу талаптарына сәйкес келмеді. Барлық өнімнің қаптамасында қазақ тілінде ақпарат жоқ, ал ассорти желесінде орыс тіліндегі таңбалама болмаған. Қазақстан Республикасы "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына сәйкес, тек бір тілде немесе шет тілінде берілген ақпарат – берілмеген деп есептеледі. Осыдан логикалық сұрақ туындайды: екі тілдегі мәтіннің болуы неге соншалықты маңызды және тұтынушыларға бұдан келетін қауіп қандай?
Екі тілдегі таңбаламаның болмауы тұтынушылардың өнім туралы: құрамы, ықтимал аллергендер, сақтау шарттары және жарамдылық мерзімі сияқты маңызды ақпаратқа қолжеткізуін қиындататын бұзушылық болып саналады. Көбіне сатып алушылар жарнамаға сенеді немесе әдетінше өнімді сатып алады, ал сұрақтар туындаған жағдайда тұтынушы түсінетін тілдегі таңбаламаның болмауы жауап алуды қиындатады. Сонымен қатар QR кодтары немесе штрих-кодтар арқылы ақпаратты тексеру үшін интернетке қолжетімділік әрдайым бола бермейді, әсіресе, интернет қамтуы шектеулі аймақтарда. Сондықтан толық таңбалама – бұл әрбір сатып алушының хабардар болу құқығы және саналы таңдау жасау мүмкіндігі.
"МОТҚҚҚ" ҚБ сарапшысы Алия Алибекова таңбалама мәселесі жай ғана ресми талап емес, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір бөлігі екенін баса айтады. Ол тұтынушыларға да, кәсіпкерлерге де пайдалы ұсынымдар береді:
- Тұтынушылар үшін: Жаңа немесе шетелдік өнімді сатып алмас бұрын, қаптамадағы ақпаратты зерделеуге бірнеше минут уақыт бөліңіз. Қаптамада қазақ немесе орыс тіліндегі мәтін болмаса, заң бойынша сіз сатушыдан толық ақпаратты сұрауға құқылысыз. Қаптама ақпаратын тексеру – саналы сатып алудың алғашқы қадамы.
- Кәсіпкерлер үшін: Таңбаламаның дұрыс болуы тек заң талаптарын сақтау ғана емес, сонымен қатар тұтынушыларға қамқорлық жасау екенін есте ұстаған жөн. Сапалы өнімді жеткізуші қаптамадағы ақпаратқа мән бергенде, бұл тұтынушылардың сенімділігін арттырады және ұзақмерзімді табыстың кілті болып саналады. Сонымен қатар таңбаламаға қатысты заң талаптарын сақтау бақылаушы органдардың айыппұлдары мен шағымдарын болдырмауға көмектеседі.
Алдыңғы зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, қауіпсіздік стандарттары мен техникалық реттеушілердің талаптарын орындау соншалықты қиын емес және бұл нарық қатысушыларының көпшілігі үшін қолжетімді: көптеген өнім барлық зерттеуден сәтті өтті және бұл факт тауарларды өндіру мен импорттауды заңға сәйкес жүргізу – қолжеткізуге болатын міндет екенін көрсетеді. Тұтынушылар саналы таңдау жасау үшін толық және түсінікті ақпарат алуға құқылы, ал кәсіпкерлер стандарттарды ұстану арқылы нарықтағы орнын нығайтады.
"МОТҚҚҚ" ҚБ сияқты ұйымдар сәйкессіздік жағдайларын анықтауға ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлерге өз өнімдерінің заңға сәйкестігін қамтамасыз етуге көмектесуге үндейді. Барлық стандартқа мән берген әрбір өндіруші мен импорттаушы өз өніміне сенімнің негізін қалайды және қызмет көрсету сапасын жоғары деңгейде ұстайды.
Бұл материалды дайындаған "МОТҚҚҚ" ҚБ тексерулер – сапа мен стандарттарды, әсіресе, тұтынушылар алдындағы бизнестің жауапкершілігін арттыру аясында қадағалау қажеттілігін еске түсіретін маңызды жайттардың анықталғанын түсіндіреді.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша Instagram OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/ немесе 87054222739 телефоны арқылы хабарласуға болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2186699-tattiler-tauar-tangbalamasynan-qandai-aqparattar-aluga-bolady/