"Маған ыңғайлы": Қазақстанды бір уақыт белдеуіне көшіруді ұсынған депутат көптің сынына жауап берді
Жарияланған күні:
Қазақстанда өңірлердің бәрін бір уақыт белдеуіне көшіру жөнінде бастама көтерген депутат Еркін Әбіл толастамай тұрған даулы мәселеге қатысты пікірін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлады.
Ол парламент ғимаратында журналистер сауалдарына жауап берді.
"Түрлі пікір бар: біреуі келіседі, енді біреуі келіспейді. Қалыпты жағдай. Мен көзқарасымды жеткіздім, қазір оған алып-қосарым жоқ", - деп мәлімдеді депутат Еркін Әбіл.
Оның айтуынша, мыңдаған қазақстандық бірыңғай сағат белдеуін енгізуді қолдайды. Ал балалары сабақтан қараңғыда оралады деп шағымданушылар бірен-саран.
"Жекелеген мәселе барына келісем, біз оларды, соның ішінде сабақтың, жұмыстың басталу уақытын талқылауға әзірміз. Оның бәрін реттеуге болады. Осының бәрі жергілікті биліктің қолында тұр. Біз әуел баста жергілікті атқарушы органдарға солай істеуге кеңес бергенбіз. Шығыс Қазақстанда өңірдің жартысы UTC +5, қалғаны UTC +6 белдеуінде орналасқан. Оны да талқылайық. Менің немесе жекелеген депутаттардың ғана пікірі емес, ғылыми тұжырымдар бар. Үкімет менің депутаттық сауалыма бола шешім қабылдай салмайды", - деді Еркін Әбіл.
Депутаттың мәлімдеуінше, ол парламентте бастама көтергенге дейін осы мәселеге қатысты үкімет комиссиясы жұмыс істеген.
"Маған ыңғайлы. Лондонда күн сағат нешеде бататынын қараңыз. Қателеспесем, сағат 16:20-да батады. Оны эталонға жатқызамыз. Берлинде, Киев пен Мәскеуде де сағат 16:00-де күн батады. Қалыпты табиғи уақыт", - деп түйіндеді мәжіліс депутаты.
Қазақстан биыл 1 наурызда бірыңғай уақыт белдеуіне көшіп, еліміздің бірнеше өңірінде уақыт бір сағатқа артқа жылжыған еді. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында жергілікті уақыт бір сағатқа артқа қойылды.
Күзде күн қысқарған сайын тұрғындар, қоғам белсенділері үкіметтен бір белдеу туралы шешімнен бас тартып, республиканы бұрынғы уақыт тәртібіне қайтаруды сұрап жүр.
Автор: Талғат Дүйсенбек
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2186924-magan-ynggaily-qazaqstandy-bir-uaqyt-beldeuine-koshirudi-usyngan-deputat-kopting-synyna-zhauap-berdi/