Шайн Мускат: трендке айналған көк жүзім неге кореялық немесе қытайлық атанып кетті
Жарияланған күні:
Желіде көк жүзімге деген қызығушылық артып, видеолары нағыз вирусқа айналды. Дубай шоколады жайында қалып, енді жұрт қымбат жапон жүзімін іздеп кетті. Бұл трендке не себеп болғанын, бұл жүзім түрі және қазіргі таңда трендтер қалай жасалатынын талқылап көрейік.
- TikTok-та Шайн Мускат жүзімі туралы вирустық видеолар тарап, оның дәмі мен ерекше қытырлақ дыбысы жайлы көптеген пікірлер жазылып жатыр.
- Бұл жүзім сорты 1988 жылы Жапонияда жасалып, кейін Оңтүстік Корея мен Қытайға таралған, ал қазір Қазақстанда да үлкен сұранысқа ие болып отыр.
- Қазақстанның түрлі қалаларында Шайн Мускат жүзімінің бағасы килограмына 3000-нан 10 000 теңгеге дейін жетіп, жоғары сұраныс салдарынан кейбір сатушылар бағаны көтеріп, тіпті басқа сорттарды осы атпен сатып жатыр.
TikTok-та жүзімнің дәмін татып, камера алдында сезімдері мен әсерлерін бөлісіп жатқан адамдар туралы көптеген видео жарияланып жатыр.
Кезекті тренд
Ең танымал роликтердің бірін julietasmr аккаунтының иесі жүктеді. Шетелдік блогер жүзімнің дәмін татып, оның шынымен үлкен екенін атап өтеді. Содан кейін ол оны камера алдында тәбеті ашыла жеп қояды. Жүзім сурет салғандай әдемі көрінеді. Ең басты ерекшелігі – жеген кезде ерекше шыққан қытырлау дыбысы.
Бұл ролик 46 мың репост пен екі мыңнан астам пікір жинады. Әлеуметтік желі қолданушылары кейде трендтерден қалатындарын мойындайды. Басқалары болса, тезірек бұл жүзімді татып көргісі келеді.
Бұл трендті Қазақстанда да белсенді түрде жалғап кеткендер көп. Блогерлер осы жүзімнің дәмін камера алдында татып жатқан видеоларды көптеп түсіре бастады.
Бірнеше күн бұрын Damelya Sweet өзінің видеосын жариялады. Оған шамамен 1,4 миллион адам жазылған. Қыз да камера алдында жүзімді татып, оның "шектен тыс тәтті" екенін айтады. Видеосына 100 мыңнан аса лайк басылған.
Шайн Мускат қалай және қайдан шыққан?
Кей деректер бойынша, Shine Muscat Жапонияда шығарылған. Бұл жүзім сорты 1988 жылы Жапонияның Ұлттық жеміс ғылыми институты (NIFTS) басқа сорттарды будандастыру нәтижесінде алынған.
Ұйымның сайтында бұл сортқа қатысты толық сипаттама берілген:
"Оның ірі сары-жасыл жидектері, қытырлақ жұмсақтығы, мускат дәмі және қышқылдығы төмен. Shine Muscat – Akitsu-21 және Hakunan (V. Vinifera) сорттарын 1988 жылы будандастырудың нәтижесі. Akitsu-21 – Steuben (V. labruscana) × Muscat of Alexandria (V. vinifera) сорттарының гибриді", - деп жазылған мақалада.
Бұл сорт 2006 жылы Жапонияның өсімдіктер мен тұқымдар туралы заңына сәйкес ресми тіркелген.
Жүзімнің бұл сорты тамыздың ортасы мен соңында піседі деп көрсетілген.
"Сүйегі бар жидектің орташа салмағы 10 грамм, ал сүйегі жоқ жидек 12,4 грамм болды. Жидек мускат дәміне, қытырлақ және шырынды жұмсақ келеді. Ащы дәм жоқ", - деп сипатталған мақалада.
Жапониядан Shine Muscat Оңтүстік Корея мен Қытайға таралды. Бұл жүзімді экспортқа шығару ісін Корея қолға алғандықтан, оған "корей" деген атау берілді. Бірақ бұл сортты Қытайда танымал етті. Кейінгі бес жылда ол нарықта қарқынды түрде таралып келеді және жаңа трендтің арқасында бұл жемістің жұлдызды сәті келді. Бірақ оны сатып алып, жеп көрмес бұрын, оған аллергияңыз жоқ екеніне көз жеткізіңіз.
Қалаларда қаншадан сатылып жатыр?
"Мой город" мәліметінше, Орал қаласындағы маркетплейстерде жүзімнің бағасы килограммына 3900-ден 5000 теңгеге дейін жетіп отыр. Тіпті арнайы акция да жарияланған.
"Тек үш күн бойы "Шайн Мускат" жүзімі 5500 теңге орнына 3900 теңгеден сатылады. Ұтымды ұсынысты пайдаланып, жеткізілімге тапсырыс беріп үлгеріңіз", - делінген хабарландыру мәтінінде.
Ал бұл уақытта Ақтауда жүзім бағасы 10 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Атырау мен Ақтөбеде оның құны 3000-нан 6000 теңгеге дейін ауытқиды. Алматыда жүзімді килограммына 3500-5000 теңгеден табуға болады, ал Астанада бағасы базарда 6500 теңгеден басталып, кейбір дүкендерде 9000 теңгеге дейін жетеді.
Алайда осы дүрлікпенің салдарынан мәселелер де туындап жатыр. Жоғары сұраныстың кесірінен көптеген сатушы бағаны көтеріп жіберсе, кейбіреулері тіпті басқа жүзім сорттарын сатып, тұтынушыларды шатастырған.
"Қазір Гуанчжоудамын, мұнда жүзім өте көп, 1 килограммы – 400-700 теңге. Шынымен дәмді, сүйегі жоқ", "Дәмінде ештеңе жоқ, парафин секілді, біздің оңтүстіктің асханалық жергілікті жүзімінен артық ештеңе жоқ – күзде", "Мен мұндай ақшаға ет не қазы сатып алғаным жақсы", "Жақында бұл жүзімге пестицидтер көп қосылғанын және Қытайда шошқаларға арналғанын оқыдым", - деп әлеуметтік желі қолданушылары пікір қалдырған.
Жүзімнің пайдасы қандай және оны қандай мөлшерде жеу керек?
Maio емханасының мамандары жүзім денсаулық үшін пайдалы тағамдардың бірі болып саналатынын жазған. Себебі ол дәрумендер мен антиоксиданттарға бай. Оның құрамында С және К дәрумендері, талшық, калий, және полифенолдар (антиоксиданттар) бар, бұл жүрек-қантамыр жүйесін қорғауға, қабынуды азайтуға және иммунитетті нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ жүзім терісі мен тұқымдарындағы ресвератрол жүрек саулығына пайдалы және қартаю үдерістерін баяулатуы мүмкін.
Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің мамандары жүзімді қауіпсіз мөлшерде тұтыну мәселесін түсіндірген.
- Күніне 1-2 кесе (шамамен 150-300 грамм) жүзім жеу қалыпты деп есептеледі. Бұл мөлшер қант деңгейін шамадан тыс арттырмайды және денсаулыққа пайдасын тигізеді.
- Егер сіз диабетпен ауыратын болсаңыз немесе қантты шектеу қажет болса, дәрігермен кеңесіп, мөлшерін азайту ұсынылады.
Cleveland clinlic басылымында сертифицикатталған диетолог Энтони ДиМариноның зерттеуі туралы айтылған. Жүзім дәрумендерге, минералдарға және антиоксиданттарға толы. Ол сондай-ақ ылғалдануға көмектесетін суға толы. Осылайша жүзімді жеу сіздің денсаулығыңызға қалай пайда әкеледі.
Алайда жүзімнің денсаулыққа пайдасын дәрігердің кеңесімен қабылдап, анықтай отырып тұтынғаныңыз абзал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187141-shain-muskat-trendke-ainalgan-kok-zhuzim-nege-koreialyq-nemese-qytailyq-atanyp-ketti/