Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қытай өнімдері: азық-түлік сатып алғанда не нәрсеге мән беру керек

Жарияланған күні:

Азық-түлік дүкеніндегі арба
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстан мен басқа елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстар азаматтарымызға арналған азық-түлік себеттерінің ауқымын кеңейтті. Дүкен сөрелерінде отандық өндірушілердің өнімдерінен бөлек, шетелден келген тауарлар да көп. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшылар бізге нені сатып алуға болатынын және сапалы өнімді қалай анықтау қажеттігін айтады.

Қоғамдық бірлестіктердің бастамасы мен мемлекеттік қолдаудың арқасында азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылау бойынша ауқымды жоба іске асырылып, мамандар сауда желілерінен сатып алынған өнім үлгілеріне зертханалық зерттеулер жүргізді. Атап айтқанда, "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі Ақтөбе қаласынан сатылып алынған қытай ағаш саңырауқұлағын зерттеу мәліметтерін бөлісті.

Осылайша, Ақтөбе қаласындағы сауда орындарының бірінде "Қытай ағаш саңырауқұлағы" жасырын сатып алушы әдісімен сатып алынған. Қаптамада көрсетілген өндіруші – "Вань Шань Юань" Хорго ғылыми-техникалық даму азық-түлік компанаиясы" ЖШС, Синьцзян, Қытай. Салмағы 20 грамм өнімде шығарылған күні жоқ, бірақ сақтау мерзімі 3 жыл деп көрсетілген.

Қытай ағаш саңырауқұлағы
Фото: Биятан Жанна

Анықтама үшін: Қытай ағаш саңырауқұлақтары Қытайда және кейбір Шығыс Азия елдерінде ағаштарда өседі. Бұл саңырауқұлақтың үш түрі бар: қара, сары және ақ. Саңырауқұлақтарды жинап алғаннан кейін, олар сынғыш қалпына келгенше күн сәулесінде немесе арнайы кептіру камераларында кептіріледі. Олар сығымдалған брикет түрінде экспортқа жіберіледі – оны дайындау үшін көп мөлшердегі суға батыру керек, содан кейін саңырауқұлақтар мөлшері айтарлықтай артады.

"Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" АҚ Ақтөбе филиалының тестілеу орталығында алынған үлгіге кешенді зерттеу жүргізілді. Зертханада өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі Кеден одағының "Тағам өнімдерінің таңбаламасына қатысты" 021/2011 техникалық регламентіне сәйкес тексерілді.

"Әкелінетін өнім таңбалама талаптарына толық дерлік сәйкес келмейтінін көрсетті. Тамақ өнімдерінің атауы, құрамы, өндірілген күні, өндіруші белгілеген сақтау шарттары, ұсынымдар немесе пайдалануға шектеулер, азық-түлік өнімдерінде модификацияланған организмдер генетикалық жолмен алынған компоненттердің бар-жоғы туралы мәліметтер мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілмеген. Сондай-ақ Бірыңғай ЕАС айналым белгісі жоқ. Кеден одағының 021/2011 Техникалық регламентінің 4-бабы 4.8-тармағына сәйкес, үшінші елдерден жеткізілетін тамақ өнімдерінің таңбаламасында импорттаушының атауы мен орналасқан жері көрсетілуге тиіс. Қаптамада азық-түлік өнімдерінің саны, жарамдылық мерзімі, өндірушінің атауы мен орналасқан жері, тағамдық құндылық көрсеткіштері туралы мәліметтер ғана бар", - деп атап өтті "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанна Биятан.

Өнім микробиологиялық көрсеткіштеріне де қатысты тексерілді (22.10.2024 ж. №1731 сынақ хаттамасы). Уытты элементтерге жасалған талдау қорғасынның қалыпты жағдайдағы 5,0 мг/кг аспау керек болса, мұнда 0,14 мг/кг-нан төмен екенін, кдмий 0,1 мг/кг қалыпта жағдайда болса, мұнда 0,001 мг/кг-нан төмен екенін көрсетті. Шекті рұқсат етілген концентрацияларға қойылатын талаптар 30178-96 МемСТ көрсетілген. Азық-түлік өнімдеріндегі мышьяк мөлшері 31266-2004 МемСТ бойынша реттеледі. Бұл зат 0,015 мг/кг төмен концентрацияда табылды, ал қалыптысы – 0,5 мг/кг.

"Азық-түлік өнімдерін, әсіресе, таныс емес тауарларды сатып алғанда затбелгідегі ақпаратты мұқият оқып шығу ұсынылады. Онда қазақ және орыс тілдерінде толық ақпарат болуы керек. Бұл "Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы" және ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңдарымен реттеледі. Сіз сатушыдан санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны, сәйкестік сертификатын немесе сәйкестік туралы декларацияны талап етуге құқылысыз. ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 25-бабына сәйкес, сатушы мен өндіруші тауар туралы ақпарат беруге міндетті. Бұл сертификаты жоқ азық-түлік өнімдерін сатып алу қаупін азайтуға көмектеседі. Кәсіпкердің де жауапкершілік үлесі болғанымен, сатып алушы да мұқиятлық танытуды әрқашан есте ұстаған жөн", - деп түсіндіреді құқыққорғаушы Жанна Биятан.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы "МОТҚҚҚ" ҚБ таратқан ақпараттар жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді.

Естеріңізге сала кетейік, сапасыз және қауіпті азық-түлік өнімдері ҚР МСИ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мемлекеттік тапсырысы аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық ұйымдарымен тығыз байланыста іске асырылып жатқан ауқымды жоба барысында анықталған.

Тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласуыңызға болады, байланыстар ҚР МСИ сайтында (Ақтөбе облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті. Сенім телефоны) : 8 (7132) 548 126 ).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187402-qytai-onimderi-azyq-tulik-satyp-alganda-ne-narsege-man-beru-kerek/