Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Келесі жылы такси жүргізушілеріне қатысты ережелер қалай өзгереді

Жарияланған күні:

Такси жүргізушісі
Такси жүргізушісі. Көрнекі сурет: pexels.com

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ-де өткен брифингте келер жылы жолаушы тасымалы саласында нендей өзгерістер болатыны жайлы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

2025 жылдан бастап жеке тасымалдаушылар ретінде тіркелген тұлғалар ғана агрегаторлардан тапсырыс ала алатын болады.

Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, Көлік министрлігімен бірлесіп, автотасымал түрін жүзеге асыру үшін өз бағдарламаларын ұсынатын компаниялармен меморандумдар жасалды.

"Меморандум аясында жүргізушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Оған еңбек және демалыс режимін сақтау, медициналық тексерістен өту, жолаушы және жүк тасымалы ережелерін сақтау жатады.

Интернет-агрегаторлар өз қосымшаларын осы талаптарға сай бейімдеп жатыр, ал 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап агрегатор иелері тек жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген адамдарға тапсырыс бере алады", - деді спикер.

Жеке тасымалдаушылар енді:

* күнделікті рейс алдындағы және кейінгі медициналық тексеруден өтуге;

* көлікті күнделікті техникалық тексеруден өткізуге;

* сол жақтан басқарылатын техникалық тұрғыда жарамды автокөліктерді пайдалануға;

* жүргізушінің еңбек және демалыс режимін сақтауға міндетті болады.

Көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда интернет-агрегаторлардың иелері жеке тасымалдаушыға тапсырыс бермеуі міндеттеледі.

Еске салсақ, бұған дейін көлік министрлігі такси жүргізушілері мен жолаушыларға үндеу жасаған болатын. Министрлік өкілдері жүргізушілерге такси болу үшін жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға болу керек екенін еске салды. Сонымен бірге ведомстводағылар ел аумағында такси қызметіне қатысты жаңа шектеулер енгізілгенін мәлімдеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187471-kelesi-zhyly-taksi-zhurgizushilerine-qatysty-erezheler-qalai-ozgeredi/