Biz Birgemiz қорының басшысы ұсталды: "Аманат" партиясының өкілдері мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
"Аманат" партиясының өкілдері Biz Birgemiz қорының басшысы Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы партия Telegram-дағы арнасында хабарлады.
"Бүгінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде AMANAT партиясы Biz Birgemiz" қорының жұмысына қатысы бар деген ақпарат тарауда.
Осыған байланысты, AMANAT партиясы Biz Birgemiz қорының құрылтайшысы саналмайтынын (толық атауы: Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 ҚБ) және оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін түсіндіре кету қажет деп санаймыз.
Айта кетейік, биыл сәуір айында AMANAT партиясының "Жастар Рухы" жастар қанаты су тасқыны кезеңінде апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, ауқымды жұмыс жүргізді. Белсенділер мен волонтерлер көптеген қайырымдылық ұйымы, соның ішінде Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 ҚБ қоры жинаған гуманитарлық көмекті жеткізуге атсалысты", - делінген хабарда.
Еске салайық, 14 қарашада қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат көктемгі су тасқыны кезінде халықтан жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталғаны мәлім болды. Қаржы агенттігінің мәлімдеуінше, Перизат Қайрат қорға түскен ақшаның негізгі бөлігін жылжымайтын мүлік пен бағалы заттар сатып алуға жұмсаған.
Кейін қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов Biz Birgemiz қорының басшысы Перизат Қайрат ісіне қатысты сауалдарға жауап берді.
Сонымен қатар бүгін Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының басшысы қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2188058-biz-birgemiz-qorynyng-basshysy-ustaldy-amanat-partiiasynyng-okilderi-malimdeme-zhasady/