Сауда министрі: Уақыттың өзгеруі электр қуатын тұтыну көрсеткішіне айтарлықтай әсер еткен жоқ
Жарияланған күні:
Сауда және интеграция министрлігінің басшысы Арман Шаққалиев республикада уақыт белдеуінің ауысуы электр қуатын тұтыну көрсеткішіне айтарлықтай әсер етпегенін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Астанада үкіметтің сейсенбідегі брифингінде журналистер сауда министрі Арман Шаққалиевтен "Министрліктегілер уақыт ауысқалы бері электр қуатын тұтыну көрсеткіші қаншалықты артқаны туралы неге айтпайды?" деп сұрады.
"Әлбетте, біз чектердегі (коммуналдық төлем – ред. ескертпесі) өзгерісті көріп отырмыз. Электр қуатын тұтыну көрсеткіші жөнінде оператордың мәліметі бар. Онда уақыт белдеуі ауысқалы бері көрсеткіш жазда 1,5-2 пайыз, қыста 4 пайызға дейін артқан. Оператордың пікірінше, бұл айтарлықтай өзгеріс емес.
Тарифтер 14 пайыз өскенін бәріміз білеміз. Сол себепті өзгерістерді табиғи-климаттық емес, экономикалық өзгеріске жатқызамыз. Айтайын дегенім, уақыт белдеуі өзгеруіне байланысты тұтыну көрсеткішінде айтарлықтай өзгеріс жоқ", - деп мәлімдеді министр.
Естеріңізге сала кетейік, осының алдында энертегика министрлігі уақыт ауыстыру электр қуатын тұтыну көрсеткішін айтарлықтай өзгертпеді деп мәлімдеген.
Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтің Қазақстанның біртұтас уақыт белдеуі туралы қазіргі шешімін қолдайтынын айтып, қарамағындағыларға анық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған.
Қазақстанда биыл 1 наурызда бірыңғай уақыт белдеуіне көшіп, еліміздің бірнеше өңірінде уақыт бір сағатқа артқа жылжыды. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында жергілікті уақыт бір сағатқа артқа қойылды.
Күзде күн қысқарған сайын тұрғындар, қоғам белсенділері үкіметтен бір белдеу туралы шешімнен бас тартып, республиканы бұрынғы уақыт тәртібіне қайтаруды сұрап жүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2189489-sauda-ministri-uaqyttyng-auysuy-elektr-quatyn-tutynu-korsetkishine-aitarlyqtai-aser-etken-zhoq/