Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл кездейсоқ емес": Аймағамбетов мектепте смартфон пайдалануды шектеу мәселесіне пікір білдірді

Жарияланған күні:

Телефон қарап отырған оқушылар
Телефон қарап отырған оқушылар. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еліміздегі мектеп ғимаратында смартфондарды пайдалануды шектеу мәселесін талқылау қажет екенін айтты. Бұл туралы депутаттың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Көптеген елде мектептерде смартфондарды пайдалануды шектеу туралы шешімдер қабылдануда. Бұл кездейсоқ емес: түрлі зерттеулер смартфондардың балалардың назарын шоғырландыруға, оқуға және психикалық денсаулығына кері әсерін тигізетінін дәлелдейді.

Қазақстанда бұл бағытта оң тәжірибе бар. Астанадағы бірнеше мектеп, сондай-ақ басқа да аймақтардағы мектептер, смартфондарды пайдалануға ерікті түрде шектеу енгізіп жатыр. Бұл дұрыс әрі тиімді шешім деп санаймын", - дейді Аймағамбетов.

Депутат былтыр сабақ кезінде телефондарды пайдалануға тыйым салатын заң қабылданғанын еске салды.

"Бірақ басқа елдер одан да қатаң шараларға көшті. Мысалы, Ұлыбритания және көптеген еуропалық елде мектеп ғимаратында смартфондарды пайдалануға қатысты қатаң ережелер енгізілді.

Менің ойымша, Қазақстан мектептеріне осы тәжірибені пайдалану мәселесін талқылау қажет. Ата-аналармен бірге бұл шаралардың қажеттілігін ашық талқылап, балаларға қолайлы білім беру және даму ортасын жасау маңызды", - деп жазды ол.

Бұл ретте ол мәселені шешудің мынадай жолдарын ұсынған:

  • Тек әлеуметтік желілерге қолжетімсіз, ата-аналармен байланыс жасауға мүмкіндік беретін батырмалы телефондарды немесе сағаттарды қолдануға рұқсат беру.
  • Мектептерде смартфондарды арнайы сақтау орындарын ұйымдастырып, балалардың оларды тек төтенше жағдайларда қолдануын қамтамасыз ету.

Асхат Аймағамбетов айқын ережелер мен бақылау шараларын енгізу смартфондардың білім беру ортасына тигізетін зиянын азайтып, басты нәрсеге – сапалы білім мен тәрбиеге назар аударуға мүмкіндік беретінін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2190978-durys-sheshim-dep-sanaimyn-aimagambetov-mektep-gimaratynda-smartfon-paidalanudy-shekteu-maselesine-pikir-bildirdi/