"Біреудің басына құлап кетпесін": қисайған бағана ақтөбеліктердің мазасын қашырды
Жарияланған күні:
Ақтөбе тұрғындарын "Нұр сити" (4-шағын аудан) кентіндегі қисайып тұрған бағана алаңдатып отыр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мәселені шешеміз деп уәде берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жергілікті тұрғындар Instagram әлеуметтік желісіндегі Zello Aktobe парақшасында бағана екі айдан бері қауіпті жағдайда тұрғанын хабарлады.
"Осылай тұрғанына екі ай болды. Жақын жерде құрылыс жүріп жатыр, ұзын жүк көлігі соғып кеткен шығар. Енді біреудің басына құлап кетпей тұрып оны алып тастаңыздаршы!", - деп жазды қала тұрғындарының бірі.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәселенің назарға алынғанын және ақпараттың тиісті мекемеге жіберілгенін хабарлады.
"Жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қала өміріне бейқамдық танытпағаныңызға алғыс", – делінген ведомство өкілдерінің жауабында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192495-bireuding-basyna-qulap-ketpesin-qisaigan-bagana-aqtobelikterding-mazasyn-qashyrdy/