"720 мың теңгеден жинап бердік": Қостанай облысында үйіне газ кіргізбек болған тұрғындар алданып қалғанын айтты
Жарияланған күні:
Қостанай облысындағы Тобыл ауылының тұрғындары бұрынғы әкім айтқан алматылық фирмаға газ тартып береді деп сеніп, 720 мың теңгеден жинап берген. Арада бір жыл өтті, әлі газ жоқ, ал ауыл әкімі басқа қызметке ауысып кеткен. Полиция алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
2023 жылдың аяғына таман Тобыл ауылында жеке сектордағы 1130 абонентке газ өткізіп беруге жергілікті фирмалармен қоса Алматыдан келген кәсіпорын да іске кірісті. Бір баспанаға көгілдір отын кіргізу құны 750 мың теңгеден басталады. Оңтүстіктен келген кәсіпкерлер банктік қосымшалар арқылы бөліп төлеу қызметін ұсынған. Ал жергілікті фирмаларда мұндай мүмкіндік болмапты. 1 млн теңгедей ақшаны қолма-қол беруге шамасы жетпеген 120 үй иесі осы алматылық фирмамен келісімшарт жасасқан. Соның бірі – зейнеткер Берікбай Ибрашев.
"Шыдамымыз бітті. Бұл былтырдан бері созылып келе жатқан оқиға. Газға қосыламыз деп бәріміз де қуанып едік. 720 мың теңге төледім, кредит алып, зейнеткер болсам да, бір балам арқылы алып, өзім төлеп жатырмын. Ептеп жұмысты бастады, 70 пайыздайын істеді де, аяқтамай тастап кетті. Аудандық полиция басқармасына барып жазып жатырмыз. Тергеуші бір-бірлеп шақырмақшы. Бұл ұзаққа созылып кетеді ғой", - дейді Тобыл ауылының тұрғыны Берікбай Ибрашев.
Ауылдық әкімдіктің мәліметінше, осы компаниямен келісімшарт жасаған 120 үй иесінің 12-сі полицияға шағымданған. Бейімбет Майлин ауданының полиция басқармасы алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғау органы қазбалай бастағанда 12 шағымданушының 10-ының баспанасын көгілдір отынға қосып беріпті. Ал қалғандарын 1,5 жыл бойы құр уәдемен тойдырып келеді. Тіпті олар бұл компанияға алданып қалғанына сене алар емес. Сондықтан кейбірі шағым да жазбадық деп отыр.
"Сол алматылық фирманың өкілі күйеуімнің ұялы телефонынан банк қосымшасына кіріп бөліп төлеу бойынша кредит ресімдеді. Біз ол ақшаны төлеп тастадық. Қазандық орнатты, бірақ есептеуіш құрылғысы жоқ, құбырларын да өткізбеді. Үйдің құжаттарын алып, техникалық құжатын жасаймыз деген, мұны да істемеді. Қысқа көмір, ағаш сатып алған жоқпыз, отын дайындамадық. Күнде газды күтіп жүрміз. Күнде әне-міне болады деп уәде береді. Сондықтан үстінен арыз да жазбадық", - дейді Тобыл ауылының тұрғыны Қанағат Жақсыбайқызы.
Ауыл тұрғындарының ақшасын жиып алған "КазГазСтрой" ЖШС өкілі Айқын Сүлейменов көпшіліктің бұл сөзін жоққа шығарып отыр. "Барлық жұмыс аяқталып қалды" деп сендірмекші де болды.
"Газға қосу бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Ешқандай жоспардан кешігу болған жоқ. Мұны 100 пайыз сенімді түрде айта аламын. Шағымданушылар жеке мәселелерге қатысты дау-дамай шығаруы мүмкін. Бұл жерде әңгіме көп болады ғой. Ауылдық жерде бәрі бір бірін таниды. Бір-біріне сенеді", - дейді "КазГазСтрой" ЖШС Тобыл ауылына газ тарту жобасының директоры Айқын Сүлейменов.
Халықты әуре-сарсаңға салған фирма иесімен таныстырған ауыл әкімі басқа қызметке ауысып кеткен. Қазіргі басшы Азамат Бердалиновтің айтуынша, құзырлы орган араласпаса мәселе шешілетін түрі жоқ.
"Олардан мұның себебін сұрап, сөйлесіп көрдік. Айтуларынша олар екі-үш компания бірлесіп жұмыс істеген. Араларында қаржыны бөлісе алмай дау туған. Ақшаны дұрыс есептемеген, кейбір нәрселер ескерілмеген, коммерциялық жағдайға байланысты деп түсіндірді", - дейді Тобыл ауылының әкімі Азамат Бердалинов.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192633-720-myng-tenggeden-zhinap-berdik-qostanai-oblysynda-uiine-gaz-kirgizbek-bolgan-turgyndar-aldanyp-qalganyn-aitty/