"Не істеп отырсыздар": депутат мәжіліске келген үкімет басшысының орынбасарын сұрақтың астына алды
Жарияланған күні:
Парламент мәжілісінің сәрсенбідегі жалпы отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр депутаттар сауалдарына жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин вице-премьерден шикізат арзандап бара жатқан уақытта үкіметтің қандай жоспары барын білгісі келді.
"Өндірісті, ауыл шаруашылығында өсім жоқ. Мұнай бағасы түсіп бара жатыр. Шикізатты қайда өңдеу жоқтың қасы. Не істеп отырсыздар? Бюджетті қалай толтырасыздар? Ұлттық қорды шикізатпен ғана толтыра алмаймыз. Одан ішкі жалпы өнім өспейді. Қандай жоспарыңыз бар? Өсіп жатқан өнім жоқ, өсіп жатқан салық жоқ, өсіп жатқан Ұлттық қор жоқ, өсіп жатқан ішкі өнім жоқ. Сіздер не істеп жүрсіздер? Соны айтыңызшы?" - деп сұрады депутат Еділ Жаңбыршин.
Алайда премьер-министрдің орынбасары депутат сынымен келіспейді.
"ІЖӨ өсіміне келер болсақ, өнеркәсіп оны толтыруға өз үлесін қосып келді, қоса береді де. Өнеркәсіп жыл сайын 5 пайыздан аса тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ал шикізатты қайта өңдеуге келер болсақ, оның ІЖӨ-дегі үлесі тау-металлурция кешенінің көрсеткішіне жетті. Жаңа кәсіпорындар, жаңа экспорттау мүмкіндіктері барлық салада ашылып жатыр.
Біз квази-мемлекеттік сектор мен өнеркәсіпті дамыту қоры есебінен де жаңа жұмыс орындарын құрып жатырмыз. Бұған қоса, елімізде инвестицилық климат Орталық Азия елдерінің арасындағы ең мықтысы. Осы бағыттағы жұмыстарды да дамыта береміз", - деп жауап берді Роман Скляр.
Әлем нарығында қазанның екінші жартысынан бері мұнай бағасы төмендеп бара жатыр. Қазір мұнайдың сапасы Brent мұнайдың 1 баррелі Лондон биржасында 73,24 доллар, ал сапасы WTI мұнайы 72,86 доллар тұрады.
Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының кейінгі бірнеше күнде төмендеуіне Израиль мен Ливан арасындағы бітім әсер етіп отыр. Сәрсенбі күні екі ел арасында оқ атуды доғару жөніндегі келісім күшіне енді.
Қазақстан экономикасы шикізат бағасына тәуелді елге жатады. Осының алдында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда мұнай өндірісі көлемі жоспардағыдан төмен екенін мәлімдеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2193128-ne-istep-otyrsyzdar-deputat-mazhiliske-kelgen-ukimet-basshysynyng-orynbasaryn-suraqtyng-astyna-aldy/