Израиль мен Ливан арасындағы атысты доғару туралы келісім күшіне енді
Жарияланған күні:
Израиль әскері мен Ливандағы "Хезболла" тобы арасындағы атысты доғару жөніндегі келісімшарт сәрсенбі таңертең күшіне енді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Бір жылдан аса уақыт бойы жанжалдасқан Израиль мен Ливан АҚШ-тың бейбітшілік орнату жөніндегі ұсынысын қабылдады. Израиль үкіметі сейсенбі күні бітім туралы келісімді мақұлдады. Израиль премьер-министрі Құрама Штаттарға арағайын болғаны үшін алғыс айтты.
Атыс 60 күнге тоқтады, дегенмен тараптар екі ел арасындағы бітім ұзақ уақыт бойы бұзылмайды деп үміттенеді. Келісім-шарт БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1701 қарары негізінде дайындалды. Осы құжат 2006 жылы Израиль мен Ливан арасындағы 34 күндік соғысты аяқтауға көмектескен. Соның арқасында екі ел шамамен 20 жылға жуық уақыт тыныш өмір сүрді.
Алайда былтыр 7 қазанда "ХАМАС" Израильге шабуылдап, содан кейін "Хезболла" Палестинаны қолдау көрсету мақсатында Израильді атқылаған. Осы теке-тірес бір жылдан аса уақытқа созылды.
Израиль премьер-министрі Нетаньяху "Хезболла" бітім шартын бұзған жағдайда Израиль бірден "шабуылға көшетінін" ескерткен.
"Егер ол шекара маңында террористік инфрақұрылымын қайта қалпына келтіруге талпынаса, біз шабуылдаймыз. Егер ол зымыран ұшырса, туннель қазса, жүк көліктерімен зымыран тасыса, біз бірден шабуылдаймыз", - деп мәлімдеді Нетаньяху.
БҰҰ қарарында Израиль әскерін Ливанның оңтүстігінен толық шығаруы керектігі айтылған. АҚШ әкімшілігінің лауазымы жоғары бір шенеунігінің мәлімдеуінше, Израиль әскерін 60 күн бойы әкетеді, ал "Хезболла" 40 шақырымға кері шегінеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2192934-izrail-men-livan-arasyndagy-bitim-kushine-endi/