"Көлік жүргізушілері бізге велосипедші деп қарайды": Алматыда курьер-мопедшілер қалай жұмыс істейтінін айтты
Жарияланған күні:
Қыс келгенде мопедшілердің жұмысы қиындайды. Әсіресе курьерлік жұмыстан нәпақа тауып жүргендер аязда жанын шүберекке түйіп жұмыс істейді. KAZ.NUR.KZ тілшісі осы кәсіппен айналысатын мопедшілермен сөйлесті.
"3 жылдан бері курьермін"
Азық-түлік жеткізу қызметінде 3 жылдан бері қызмет ететін алматылық студент Нұрбек Ақтамберді қыста жұмысты тоқтатамын дейді. Себебі қыста жұмыс істеу денсаулыққа зиян.
"Қыстыгүні күн суытқанда демалуды жоспарлап отырмын, тізеңе, өкпеңе әсер етеді, сөйлеуіңде де іркіс болады. Суықта көп жүргенде сөйлеуің қиындайтынын байқадым. Қазір күн қатты суып кетпей тұрғанда, аяз түспей тұрғанда жүріп-тұрысыма ақша жинап алғым келеді. Өзім студентпін. ҚазАТК-да "электрик" мамандығында оқып жатырмын", - дейді ол.
Нұрбек неге осы көлік түрін таңдағанын айтқанда бірінші кезекте Алматының кептелісін атады.
"2025 жылдың басынан А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алып, мемлекеттік нөмір тағамыз. Меніңше, өте дұрыс шешім. Себебі жас балалар да мопед жүргіземін деп, қазір апатқа ұшырап, арты қиын жағдайға соқтырып жатыр. Ал заң бойынша оларға тыйым салып, бізді жол қозғалысы қатысушысы ретінде бақылауға алғанына толықтай келісемін. 18 жасқа дейінгілерге мопед жүргізуге тыйым салып, рұқсат бермеу керек. Көбі мұны велосипед ретінде қарайды. Бірақ бұл қате, қалай жүргізуді де білмейді", - дейді мопедші.
"Күніне 37 тапсырыс жеткіземін"
Курьердің айтуынша, қыстыгүні көп жеткізуші қызметкерлерге бонус немесе екі есе ақы төленеді. Жастарды қызықтыратыны да осы дейді ол.
"Мысалы мен күніне 37 тапсырыс жеткізсем, 8 мың теңге бонус беріледі. Ал қар жауып, ауа райы қиын болып кетсе, компания басшылығы бізге екі еселенген ақы төлейді. Сонда шығатыны, әр тапсырысың 1 мың теңге болса, күніне 12 сағаттық жұмысыңмен аптасына 100 мың теңге шығаруға болады. Тоқтатпай бір ай жұмыс істесең, 400 мың теңге табыс алуға болады. Бірақ қиындығы да бар: мысалы, көп көлік мопедшілерді "қысып" кетеді, жол қозғалысының толыққанды қатысушысы деп қарамайды. Мәселен, Қытайда мопедшілердің бақылауы қолға алынып, қазір ретке қойылған. Бізде де 5 жылда осындай жағдай бола ма деп ойлаймын", - дейді сұхбаттасушымыз.
Тапсырысы келіп қалған мопедші жұмысына асықты. Суық күні жаяу жүріп, сауалнама жасаудың өзі қиын екенін ескерсек, жоғары жылдамдықта мопед жүргізушілердің жағдайын ойлай беріңіз.
Аптасына 150 мың теңге табыс
Кезекті сұхбаттасушымыз Ерсін Ақат аптасына тоқтамай жұмыс істесем, 150 мың теңгедей табыс көремін дейді.
"Мопед жүргізу қыста қиыны қиын, мысалы жолдың шетімен жүрсең де көліктер алдыңды орап, "қысып" кетеді. Бұл әсіресе жол көктайғақ болса қауіпті. Қыстың суығынан бұрын осындай көлік мәдениетінің жетіспеушілігінен көбірек зардап шегеміз деуге болады. Ал аязда әркім қауіп-қатерді ойлай отырып, жылы киініп, қазіргі шығып жатқан термокиімдермен жүреді. Жалғыз табыс жолы осы болса, басқа амалы жоқ. Өз басым қыста да қызметті жалғастырамын, себебі басқа жұмысым жоқ", - дейді ол.
Байқағанымыз, мопедшілердің айтары көп, алайда жұмысында әрбір минут маңызды болып, қауырт жүргендіктен, көсіліп әңгіме айтуға уақыт тапшы екен.
"Медициналық ЖОО-да оқимын"
Тағы бір әңгімелесушіміз де қыстың аязында термокиім құтқарады дейді. Алайда атын айтудан бас тартты.
"Күніне шамамен 5-6 сағат жұмыс істеймін. Сонда тапсырыстың уақыты да әрқалай. Табысымыз аптасына 100-155 мың теңге табуға болады. Қыста компания басшылықтары ауа райының қолайсыздығына байланысты екі, үш есе ақы төлейтін де жағдайлар болады", - дейді мопедші.
Өзін Рашид деп қана таныстырған мопедші күніне 30 мың теңге шамасында табыс табамын дейді. Оның сөзінше, жастар осы жылдам табыс табу мүмкіндігі болғаны үшін ғана осы салаға қызығады.
"Қыста жел соққанда денсаулыққа зиян екені рас, бірақ тәжірибесі аз жастар ұрынып жатыр деп ойлаймын. Ал тәжірибесі бар куреьерлер алдымен жағдайын жасап алады, мысалы термокиім киеді, шатырлы мопед жүргізеді, мысалы, алдыңызда пластмассадан жасалған қалқан болса, желдің өтінен сақтайды. Бәрі адамның өзіне байланысты", - дейді Рашид.
"Көлік жүргізушілері бізге велосипедші деп қарайды"
Жолдағы қауіпсіздік мәселесін де бұл көліктердің қысқы дөңгелегін ауыстыру, баяу жүргізу, қауіпсіздігіңе мұқият болу арқылы шешуге керек дейді ол.
"Өзім медициналық жоғары оқу орнында студентпін. Жұмыстан босағанда күніне 25-30 мың теңге табыс көруге болады. Мысалы оқудан бос күндері сағат түскі 12:00-ден түнгі 22:00-ге дейін жұмыс істеймін. Бірақ күн сайын шығамын деп айта алмаймын", - дейді Рашид.
Асылбек Ноғаев есімді мопедші 3-курс студенті екенін айтты. Медицина саласында оқып жатыр екен.
"Қыста мопед жүргізудің зияны бар. Аса аяз болса, аяққа суық тимеу үшін жұмыстан бас тартамын. Мысалы қар жауғанда, қаңтар мен ақпанда жұмысты тоқтатамын деп отырмын. Өзім аптасына 1-2 күн ғана шығамын. Оның өзінде қолым босаса. Себебі басты назарым оқуда. Босаған күндері ғана 15-20 мың теңге нәпақа табуға шығып тұрамын. Студенттерге жақсы жұмыс", - дейді ол.
Дәрігер не дейді?
Алматы қаласының № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының реаниматолог-дәрігері Гүлбану Бердиярова ата-аналар мен жасөспірімдерге оқытусыз мопед тізгіндемеу керегін және жасөспірімдерге бұл көлікті қажетті дағдыларсыз басқаруға жол бермеуге кеңес берді. Маманның айтуынша, мұндай апаттар адамның өмірін алып қана қоймай, жастардың және олардың жақындарының өмірін түбегейлі өзгертетін ауыр жарақаттарға әкеледі.
"Жақында бізге 17 жастағы науқас мопедті басқару апатымен жеткізілді. Бала көптеген жарақатымен ауыр жағдайда болды. Жасөспірімге жеті ота жасалды. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, науқастың оң бүйрегін сақтай алмадық. Жігіттің жағдайы тұрақтандырылды, бірақ ол жамбас сүйектерінің ауыр жарақатына және хирургиялық араласуларға, оң бүйрегін алып тастауға және денсаулығына байланысты мүгедектікті ресімдеу бойынша ұзақ қалпына келеді. Сондай-ақ психологтармен ұзақ жұмыс керек. Науқас кейінгі кезеңдік реконструктивтік мерзімді операциялар үшін, тұрақты амбулаториялық емдеуді ауруханада жалғастырады", - деп атап өтті реаниматолог.
Дәрігер Бердиярованың сөзінше, зардап шеккен жастар көбінесе өмір бойы физикалық және психологиялық зардаптармен қалады. Мопедтер мен самокаттарды жүргізетін жасөспірімдер дүрыс емес басқарудың әрдайым қауіпті екенін біле бермейді. Бұл абайсыз маневрлерге және маңызды қауіпсіздік ережелерін елемеуге әкеледі. Мопед апаттары көбінесе ұзақ және қымбат емдеуді қажет ететін ұзақ мерзімді мүгедектік жарақаттарына әкеледі екен.
Статистика
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша, жол-көлік оқиғалары 15 пен 29 жас аралығындағы жастар арасындағы өлімнің жетекші себептерінің бірі және жылына 1,3 миллионнан астам адамның өмірін жалмаған. Бұл санның едәуір бөлігі мотоциклшілер мен мопедистерге қатысты, әсіресе жастар арасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2195996-kolik-zhurgizushileri-bizge-velosipedshi-dep-qaraidy-almatyda-kurer-mopedshiler-qalai-zhumys-isteitinin-aitty/