Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысындағы бір ауданда әлі күнге электр бағандары мен күре жолдың біраз бөлігі суда тұр

Жарияланған күні:

қолдан қазылған канал
Қолдан қазылған канал. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай облысының Қарасу ауданында әлі күнге 621 шаршы шақырым аумақты су басып жатыр. Негізгі электр желісінің, күре жолдардың біраз бөлігі су астында. Көктемде бес көл қосылып, арнасынан тасыған судың бетін қайтару үшін 14 шақырым жасанды канал қазылды. Бірақ су денгейі түсе қойған жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қарасу ауданында көктемде жарияланған төтенше жағдай әлі алынған жоқ. Жергілікті билік сегіз айдан бері далалықтан жиналған 1,5 млрд шаршы метр қар суын тауыса алмай, арпалысып жатыр. Бес көл қосылып кеткен. Ауданды Қостанай қаласына жалғайтын облыстық жолдың алты шақырымы тереңдігі 1 метр 20 сантиметр су астында қалды. Қостанайға қатынау үшін халық 80 шақырым айналма жолмен не егістік арқылы 20 шақырым қара жолмен жүру қажет.

"Рудный қаласынан Қарасу ауданы орталығына жету үшін төте жолмен 2-2,5 сағатта жететін едік. Енді айналма жолмен 5 сағат жүреміз. Жолды әлі ашпай жатыр, әрине халық үшін өте қиын", - дейді Қарасу ауданының тұрғыны Азамат Жолдыбаев.

Жаз бойы жайылған судың беті қайта қоймаған соң, облыс басшылығы шұғыл түрде жасанды канал қазуға 108 млн теңге бөлді. Шілде айында басталған канал құрылысы, 26 қазанда аяқталды. Жазық далада жайылған суды ағызып жіберу үшін қазылған бұл каналдың ұзындығы 14 км, тереңдігі 14 м. Осы канал 6 шақырым тас жолды судан босатуы керек еді. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Тас жол суда тұр. Ағын судың кедергісіз өтуі үшін кейбір бағыттағы ішкі жолдар да жырылып, ауылдармен көлік қатынасы да үзілген. Қауіпті аумақтардағы төрт гидробекетте төтенше жағдайлар қызметкерлері күні-түні кезекшілік жүргізеді.

"Төтенше жағдайлардың туындауына байланысты бізге Қарасу-Севастополь және Қостанай-Большая Чураковка бағытындағы екі жолды жыруға тура келді. Тас жолдың су астында қалуына байланысты канал жасадық. Бес ауыл каналдың арғы бетінде қалып қойды. Қатынас бар. Аурухана мен азық-түлікке барғысы келген адамдарды қайықпен арғы бетке шығарып тұрамыз. Бір пост кезекшілікте тұр", - дейді Қарасу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Сейітсәруар Көлбаев.

Қазгидрометтің болжамынша алдағы көктемде де су тасқыны биылғыдай болады. Мұз қатқанша айдындардағы судың жартысын шұғыл азайту қажет деген тапсырма қойылған. Әйтпесе келер жылы аудан орталығын су басу қауіпі бар. Ал бүгіндері ең басты міндет суда тұрған электр бағандарының қирап, бұзылуына жол бермеу.

"Басты мәселе – негізгі және қосымша электр желілері мен бағаналар су астында тұр. Жер қатқанда бағаналардың астындағы темір бетонды қондырғыларын көтеріп жіберсе тіреуіштер құлап, жоғары вольтты желілердің үзілу қауіпі бар. Бұдан бүкіл Қарасу ауданы жарықсыз қалуы мүмкін. Алайда мамандардың айтуынша, Қойбағар мен Сарыкөл жағына тартылған қосымша электр желілеріне қосылуға болады. Соған сенім артып отырмыз. Бүгінде су деңгейі қалыпты түрде төмендей бастады. Басында секундына 19,5 шаршы метрден ақса, бүгінде аязға орай 17,5 шаршы метрге азайды", - дейді Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанов.

Қарасу ауданының әкімі
Қайрат Оспанов, Қарасу ауданының әкімі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Канал іске қосылғаннан бергі аралықта су деңгейі 40 сантиметрге төмендеген. Бірақ күткендегідей мөлшерде азаяр емес. Мамандар да судың қалай және қашан кетерін нақ басып айта алмай отыр. Осыған орай арнайы министрлік пен мекемелерден мамандар шақырылған.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2196083-qostanai-oblysyndagy-bir-audanda-ali-kunge-elektr-zhelisi-men-kure-zholdyng-biraz-boligi-suda-tur/