"Мұндай жұмыстан жастар қашады": елордалық жас механик сұранысқа ие маман болудың сырын айтты
Жарияланған күні:
24 жастағы Астана қаласының тұрғыны Райс Абдышев – Астана тазалығына жауапты мекеменің ең жас механигі. Ол 15 жасынан еңбекке араласып, бүгінде елордадағы сұранысқа ие мамандардың біріне айналған. Жас жігіт KAZ.NUR.KZ тілшісіне жетістікке жетудің сырын айтты.
Райс Абдышев "Астана Тазалық" мекемесіне үш жыл бұрын учаске бригадирі болып орналасып, кейін слесарь, механик қызметіне дейін көтерілген. Қарамағындағы бірнеше қызметкермен Астана қаласының көшелерін тазалайтын техниканың істен шықпауын қадағалайды.
"Мекемеге тиесілі 300-дің үстінде техника бар. Олар тәулік бойы көшеде жүреді. Әр көліктің өзінің атқаратын қызметі бар. Техникада қандай да бір ақау пайда болса біз диагностика жүргіземіз. Әрі қарай жөндеу цехтарына жібереміз. Қызметіміз жеделдікті әрі біліктілікті қажет етеді. Өйткені қаланың қашан да таза, әдемі болып тұруына, жолдарда көліктердің кедергісіз жүруіне осы біздің техникаларымыздың атқаратын рөлі зор. Сондықтан олар тез арада жолға шығуға дайын болуы керек", - дейді кейіпкер.
Райс Абдышевтің айтуынша, ол жұмыс жасайтын цехтың ең жас қызметкері. Қасындағы әріптестерінің көбі орта жастан асқандар, арасында зейнет жасына жеткендер де бар дейді ол. Өйткені мұндай жұмыс қазіргі жастарды аса қызықтырмайтын көрінеді.
"Менің қатарластарымның көбі таза жұмыс жасағанды, офисте отырғанды қалайды. Бірге қызмет ететін әріптестерімнің жастары менен біраз үлкен. Арасында өз әкем де бар. Олардың бұл саладағы тәжірибесі өте мол, олардан үйренерім көп. Мен бұл мамандықты өзімнің жүрек қалауыммен таңдадым. Бала кезімнен техникаға жақын болып өстім. Сол оқушы кезімдегі қызығушылығым мені осы салаға әкелді", - дейді Райс Абдышев.
Ол ГАЗ 53 жүк көлігінің жүргізушісі болған атасының қасында өскенін айтады. Бастауыш сынып оқып жүрген кезінде алғаш үлкен техниканы жүргізіп үйренген. Райс Абдышевтің әкесі де 20 жылдық тәжірибесі бар жүргізуші-механик. Райс сол кісілердің ізін жалғап, Астана политехникалық колледжінінде механик мамандығын бітірген.
"Еңбекке 15 жасымнан араластым. Жүк тасушы болдым, құрылыс саласында біраз жұмыс жасадым. Кейін оқуға түсіп, осы жұмысқа орналастым. Еңбекақы уақытымен беріледі, ай сайын 300 мың теңгеден жоғары жалақы аламын. Өз қажеттіліктеріме жетеді. Келесі жылы мамандығым бойынша жоғарғы оқу орнына тапсыратын ойым бар. Электр көліктерін жөндеуді толық меңгергім келеді. Басшылық мұндай бастамаларды қашан да қолдайды. Жетістікке жетемін деген адам үшін барлық мүмкіндік бар", - дейді Райс Абдышев.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Президент техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет екенін айтты. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтары мәртебесін асқақтатып, нағыз маман болу идеясын насихаттауымыз жөн деді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2198619-mundai-zhumystan-zhastar-qashady-elordalyq-zhas-mehanik-suranysqa-ie-maman-boludyng-syryn-aitty/