Астана полицейлері ел бойынша таралған күмәнді етті тәркіледі (видео)
Жарияланған күні:
Астанада ет өнімдерін сататын екі заңсыз кәсіпорын анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Астана қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, ет өнімдерін рұқсатсыз әрі антисанитарлық жағдайда өңдеген екі заңсыз кәсіпорын жұмысы тоқтатылды.
"Тексеру барысында кәсіпкердің қала маңында жер асты мал сою орнын жалға алып, оны заңсыз пайдаланғаны белгілі болды. Онда 6 адам күнделікті қолма-қол ақша алып, заңсыз жұмыс істеген. Дайын өнім жасауға құжатсыз сатып алынған ет пайдаланылған. Кейін оны Қазақстанның барлық аймақтарына таратқан.
Тағы бір дерек қаладағы тұрғын үйлердің бірінде тіркелді. Жергілікті тұрғын өз ауласында құжаттары мен ветеринарлық мөрлері жоқ ет өнімдерін сатқан", - деп хабарлады ПД.
Тәркіленген еттің сапасы мен қауіпсіздігін анықтау үшін арнайы сараптама тағайындалды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық бұзушыларға әкімшілік хаттамалар толтырылды.
"Ветеринариялық бақылаусыз дайындалған ет өнімдері адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін", - деп ескертеді полиция департаменті.
Айта кетсек, бұған дейін Атырау облысында "Сібір жарасы" тарағандықтан, құжатсыз мал тасымалдағандар жаппай жауапқа тартылып жатқанын хабарлаған болатынбыз. Қазірге дейін Сібір жарасын жұқтырған үш ірі қара арам қатып, бір адам ауруханаға түскен.
Ал Шымкент қаласында мал ұрлығының алдын алу бойынша 2024 жылдың 18-20 қараша аралығында "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс шарасы өткізілгенін еске саламыз. Нәтижесінде 19 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы 59 шаруа қожалық пен 116 ет сататын орын тексерілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201222-astana-politseileri-el-boiynsha-taralgan-kumandi-etti-tarkiledi-video/